“Қырағы көз”: Облыстағы баспасөз хатшыларына арналған семинар аяқталды
Ақтауда мемлекеттік және квазимемлекеттік мекемелердің баспасөз хатшылары мен ақпараттық қызмет мамандарына арналған курс бүгін аяқталды, деп хабарлайды otpannews.kz сайты.
Маңғыстау облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасының әлеуметтік мемлекеттік тапсырысы аясында “Қазақстан жастар фракциясының” ұйымдастыруымен өткен жоба 5 күнге созылды. Нәтижесінде жаңа мамандықтар қатарына еніп, үлкенді-кішілі мекеменің барлығында сұранысқа ие болған мобилографияның қыр-сыры мен фото-видео ақпарат таратуды 25 адам үйреніп шықты.
Облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасының басшысы Гүлмира Балғожаева семинар қатысушыларын құттықтап, сертификат табыстады.
“Құрметті қатысушылар, осы оқуды сәтті аяқтап, кәсіби дағдыларыңыздың артқанына қуаныштымын! Алған білімдеріңіз кәсіпте пайдасын тигізеді деп сенемін. Бүгінде ақпарат тарату – өте маңызды тетіктердің бірі. Ал бірнеше саланы меңгерген маман – қашан да сұранысқа ие. Сондықтан мобилография, ақпарат жазу секілді қабілеттеріңізді шыңдап келгендеріңіз – өте дұрыс шешім”,- деді Гүлмира Балғожаева.
Оқуда теория және практика қатар жүрді. Спикер ретінде 7 жылдық тәжірибесі бар эксперт Олжас Төлеуханов шақырылды. Қатысушылар медиа және цифрлық коммуникация саласының қыр-сырын үйреніп, әлеуметтік желілерде ақпарат ұсынуды меңгерді.
Осы оқуға қатысушылардың бірі Сенектен келген Ханымай Қарабаева осы семинар арқасында кәсіби жетілгенімен бөлісті.
“Осы күнге дейін әлеуметтік желіге материал жүктей алмайтын едім. Ал бүгін фото-видео материалды өзім әзірлеп, ешкімнің көмегінсіз ақпарат тарата аламын. Осындай семинарға қатысқаныма қуаныштымын”,- деді қатысушы Ханымай Қарабаева.