Ақтауда интернет-алаяқтардың SIM-бокс құрылғысы анықталды
Байланыс операторлары мен Маңғыстау облысы полиция департаментінің Cyberpol бөлімшесінің бірлескен жұмысының нәтижесінде Ақтауда интернет-алаяқтар жаппай қоңырау шалу және нөмірді өзгерту үшін пайдаланған SIM-бокс анықталды. Бұл құрылғы арқылы қылмыстық топ түрлі абоненттің нөмірін жасырып, мыңдаған жалған қоңырау жасаған, деп хабарлайды otpannews.kz kaznews порталына сілтеме жасап.
Тергеу барысында қылмыскерлер SIM-боксты абоненттік нөмірлерді өзгерту және қоңырауларды жасыру мақсатында қолданғаны белгілі болды. Бұл тәсіл олардың жалған инвестициялық ұсыныс таратуына және бірнеше елдің азаматын алдауына мүмкіндік берді.
Оқиға орнында жүргізілген тінту кезінде заңсыз колл-орталықты ұйымдастыруда қолданылған құрылғылар, SIM-карталар, роутерлер, мобильді телефондар мен компьютерлік техника тәркіленді, – деді Маңғыстау облыстық полиция департаментінің Киберқылмысқа қарсы күрес басқармасының басшысы Айболат Мұрзашев.
Оның айтуынша, дәл осындай жабдықтың көмегімен алаяқтар Қазақстанның түрлі өңіріндегі тұрғындарға мыңдаған қоңырау шалып, инвестиция салу арқылы тез табыс табуды ұсынған.
Tele2/Altel компаниясының экономикалық қауіпсіздік жөніндегі аға сарапшысы Данияр Оржанов та жағдайдың күрделілігін атап өтті.
Біз заңсыз трафик терминаторларын үнемі бақылауда ұстаймыз, дереккөздерді тексереміз, нөмірді ауыстыру фактілерін анықтаймыз. Мұндай схемалар арқылы алаяқтар жалған инвестициялық платформаларды ұсынып, азаматтарды “сенімді шоттарға” ақша аударуға мәжбүрлейді. Бұл – өте ауыр қылмыс, – деді ол.
Оның мәліметінше, биыл Tele2/Altel құқық қорғау органдарымен бірлесіп, Қазақстан аумағында орналасқан оннан астам SIMBOX-ферманы анықтауға көмектесті.
Полиция өкілдері күдікті қоңыраулар алған жағдайда абай болуға, инвестицияға шақырып, «жылдам табыс» уәде еткендерге сенбеуге және ақша аудармауға шақырады. Егер осындай жағдай кездессе, дереу полицияға хабарлаған жөн.