Жарнама бөлімі: 
+7 778 145 90 93
Редакция: 
+7 (7292) 20 48 34

ІТ сарапшы Тимур Бектұр: «ЖИ – мемлекеттің жаңа стратегиялық басым бағытына айналуы тиіс»

|
12.11.2025 09:58
ІТ сарапшы Тимур Бектұр: «ЖИ – мемлекеттің жаңа стратегиялық басым бағытына айналуы тиіс»
Фото: el.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында цифрландыруды кең көлемде дамыту және жасанды интеллектіні жаппай енгізу туралы айтқаны белгілі. Онда жаңа министрлік құрудан бастап, парламент реформасына дейінгі стратегиялық бастамалар көтерілді. Жасанды интелектіге басымдық берудің тиімділігі қандай болуы мүмкін? Осыған байланысты біз Маңғыстау өңірінің тумасы, , ІТ сарапшы, ІТ ағартушы, ЖИ маманы, Boston University магистрі Тимур Бектұрмен otpannews.kz тілшісі арнайы сұхбаттасқан болатын.


- Президент жолдауында жасанды интеллект саласын дамыту үшін арнайы министрлік құру туралы айтылды. Бұл бастаманы қалай бағалайсыз?


- Бұл – өте уақтылы әрі стратегиялық тұрғыдан дұрыс шешім. Президенттің ЖИ саласы үшін арнайы министрлік құру бастамасы - бұл стратегиялық маңызды қадам. Министрліктің пайдасы мынада: Бұл саланың мемлекеттік деңгейде басымдыққа айналғанын көрсетеді. Министрлік бірыңғай саясат пен стандарттарды қалыптастырып, ресурстарды тиімді үйлестіре алады. Алайда, табысқа жету үшін министрлік тек бюрократиялық орган болмай, технология мамандарын тартып, тез әрі икемді жұмыс істеуі керек. Сонымен қатар, жеке секторды шектемей, оның дамуына жағдай жасау маңызды. Әрине, бұрын бұл бағыт бойынша ҚР Цифрлық даму министрлігі жұмыс істеп келді. Енді сол министрлік базасында қайта құрылған ЖИ министрлігі осыған дейін жасалған жұмыстар мен EXPO қалашығындағы Alem AI секілді бастамаларды ары қарай дамыту үшін әрекет ететіні түсінікті. Сондай-ақ, менің баса айта кеткім келетіні, бұрын әртүрлі ведомстволар (мысалы, Оқу-ағарту министрлігі, Денсаулық министрлігі, т.с.с.) жасанды интеллект һәм цифрландыру әрекеттерін шашыраңқы түрде атқарып жатса, енді бір орталыққа шоғырланады деп үміттенеміз. Және солай да болатын сияқты. Оны айтып отырған себебім, бұл жолы жай ғана министрлік ашылған жоқ, сонымен бірге ҚР ЖИ Министрі ҚР Премьер-Министрінің орынбасары боп тағайындалды. Бұл - мемлекеттік қызметтің дәлізінде жүргендер үшін өте маңызды сигнал. Қарапайым жұрт бәлкім аса мән бермеуі ықтимал, дегенмен, осы уақытқа дейін Президент қанша рет тапсырма беріп, қанша рет басымдық беріп келген цифрландыру қадамының аса маңызды және кезек күттірмейтін, сондай-ақ, қазіргі таңда ерекше назар бөліп отырғанын аңғартады.

Ал енді бағалауға келсек, әрине, бұл - орталықтандырылған cтратегия. Министрлік саланың біртұтас ұлттық стратегиясын әзірлеп, оның орындалуын қадағалай алады. Білуімше, қазірдің өзінде ЖИ бойынша заң жобасы талқыланып жатыр. ЖИ бағыты елімізде қалай қолданылады, этикалық, заңдық және өзге де аспектілері талқыланып отыр. Осыған жауапты болатыны сөзсіз. Сондай-ақ, жаңа айтып өткенімдей, ғылым, бизнес, білім беру және мемлекеттік басқару арасындағы байланысты үйлестіруші рөл атқарады. Өйткені, өзіңіз білесіз, әлемдік технологиялық даму қарқынына ілесу үшін біз компьютеризация жасауға мәжбүр болдық, одан кейін интернетпен қамту келді. Бұл да сол ендігі этап - ЖИ кезеңі. Ендеше, бұл бағытта ешбір сала “Менің технологияға еш қатысым жоқ” деп шет қалуға қақысы жоқ. Заман талабы осы. 

Тағы бір нәрсені қоса кетсем, ол - ресурстарды шоғырлдандыру, қаржылық, инфрақұрылымдық және адами ресурстарды бір мақсатқа жұмылдыруға мүмкіндік береді. Биыл біз Орталық Азиядағы суперкомпьютерге қол жеткіздік. Мамандар даярлау жұмысы бар. Осыны барлығын шоғырландыру арқылы қолға алатыны белгілі боп тұр. Қазір әлемде ЖИ тек технология емес, мемлекеттің жаңа стратегиялық басым бағыты. Егер біз бұл бағытты орталықтан басқармасақ, онда әлем бізсіз дамиды. Сондықтан министрлік құрылуы - уақтылы шешім. Бірақ осы жерде мәселе оны құруда емес, бәлкім бұрынғы ҚР Цифрлық даму министрлігі деген секілді атпен қала берсе де болар еді. Өйткені, атауда тұрған ештеңе жоқ. Дегенмен, Мемлекет басшысы фокустың шындап бұрылғанын осылай көрсеткен сыңайлы. 


- Жаңа министрлік ең алдымен қандай бағыттарға көңіл бөлуі тиіс?


- Осы жерде бір гәп бар. Кейде бұл ойларды айтқанымда, оқырмандардан сын естіп қап та жатамын. Ол - біздің көп нәрседен кенже қалғанымыз. Оның себебін өзіңіз білесіз. Қанша жыл Ресей Империясының боданы болдық, одан кейін Кеңес Одағының қоластында болды. Сәйкесінше, әлемдік технологиялық революциялардан, үдерістерден кешеуілдеп қалдық. Яғни, “Ең алдымен мынаған көңіл бөлу керек” деп айтатындай жағдайлардан кешігіп те қалдық, шындығында. Бізге ендігі қалатыны, Толағай секілді сағат санап жетіліп, минут санап даму. Асықпай жүретін уақыт та тапшы. Әрине, ең алдымен, іргетасты қалау керек. Менің ойымша, басымдықтар мынадай деңгейде өрбуі тиіс: Инфрақұрылым, Деректер, Мамандар, сондай-ақ, ЖИ шешімдерді қолдануда мүмкіндіктер платформасы. 

Ол не деген сөз? Инфрақұрылым туралы қысқаша ғана айтайын, өйткені, оны көпшілігі түсінеді. Бұл - датацентрлер, серверлер, жылдам интернет байланысы секілді базалық, техникалық платформалар. Не үшін десеңіз, ЖИ модельдерін (әсіресе үлкен тілдік модельдерді) оқыту үшін өте қуатты есептеу орталықтары (суперкомпьютерлер) қажет. Ұлттық HPC (High-Performance Computing) орталығын құру – бірінші кезектегі міндет. Иә, жаңа ғана айтып өткенімдей, біздің елге суперкомпьютер келді. Дегенмен, ол мемлекеттік мекемелер, квазимемлекеттік мекемелерді қамти алса, соған алғыс айтамыз. Алайда, мектептер, институттар, қарапайым азаматтар ше? Бұл - сын емес, жай ғана болғанның үстіне бола түссе екен деген ойым. 

Деректерге келетін болсақ, технология әлемінде “Data is the new oil” деген сөз бар. Біздің өңір, Маңғыстау облысы, мұнайға бай өлке. Мұнайдан ел игілігі үшін қанша дүние шығатынын білеміз. Әрі-беріден соң елімізді мұнайдан түскен қаражаттың асырап отырғаны да жасырын емес. Енді қызықты қараңыз, ЖИ құру үшін, жасау үшін Data, яғни Деректер - жаңа мұнай рөлін атқарады. Тіпті, ЖИ-дің “жанармайы” дей салсақ та болады. Яғни, отыны. Министрлік сапалы, таңбаланған және анонимдендірілген мемлекеттік деректер жиынтығын қолжетімді етуі керек. Әсіресе, қазақ тіліндегі ірі деректер корпусын (Kazakh Language Model үшін) жасақтауға күш салуы қажет. Иә, қазіргі таңда біздің елімізде KazLLM секілді ЖИ модельдері жасалды. Дегенмен, бәрібір аздық етеді. ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарасты Ш.Шаяхметов атындағы “Тіл-Қазына” орталығы қазіргі таңда қазақ грамматикасын автомат жөндеуші, қателерді түзетуші, стиль жасаушы Til-Qazyna моделін арнайы түрде оқытып, HuggingFace платформасына тегін орналастырды. Менің айтып отырғаным, осындай жұмыстар әр салада, әр бағытта, әртүрлі үлкен-кіші деңгейде жаппай, кең көлемде атқарылуы тиіс. Ойлап қараңызшы, сіз журналиссіз. Дәл қазір еліміздің жаңалықтар айдынында не боп жатқанын бір сөйлеммен білгіңіз келеді делік. Сол кезде қолыңызда бір ЖИ құралы болса, ә? Қандай жаңалыққа мән беру керек, қай ақпараттық ағын бойынша әлеуметтік мәселені терең зерттеуге болады, ел бюджеті қайда кетіп жатыр, денсаулық саласындағы ең басты тақырып қайсы боп тұр деген сияқты өте маңызды мәліметтер мезетте алдыңызда тқрса, жұмысыңыз жандана түсер еді. Міне, осының барлығына деректер қоры қажет-ақ.

Одан кейін, әрине,кадр мәселесі. Бұны түсіндіріп жатудың өзі артық. Маман керек. Жалақысы аз, жалақысы көп, төменгі деңгейдегі қарапайым маман түрінен жоғары сапалы, білікті, тәжірибелі маманға дейін қажет. Қараңызшы, біздің елімізді өкінішке қарай ана мен бала өлімі бар. Әртүрлі ісік ауруларының жас ерекшелігі жасарып барады деседі. Қымбат һәм сапалы дәрі-дәрмекке әркімнің шама-шарқы жете бермейді. Жасанды интеллект технологиясы осы сәтте көмекке келе алады. Айталық, Cerebra деп аталатын қазақстандық стартап біздің Маңғыстау облысының ауруханаларының бірінде пилоттық режимде жұмысын бастағалы жатыр. Ол не істейді? Ол әртүрлі ауруларды ерте бастан анықтап, асқынып кетудің алдын алады. Ол рентген түсірілмдерін автомат түрде ЖИ көмегімен сканерлер, анализ жасап, хирург немесе өзге де дәрігерлерге қол ұшын созады. Осының барлығы жоғары білімді мамандар тарапынан жасалатын жұмыстар. Яғни, енді тек ІТ мамандар емес, дәрігер, мұғалім, фермер, инженер - барлығы ЖИ сауатты болуы тиіс. Бұл - ұлттық деңгейдегі сапамызды анықтайтын сауаттың жаңа түрі.

- Қазақстанда ЖИ-ды дамыту үшін қазір қандай негізгі мүмкіндіктер мен ресурстар бар?

- Жалпы, осы тұста менің сәл қынжылатын тұсым бар. Өйткені, ЖИ-ды дамыту дегенді әлі көпшілігі жете түсіне алмай жүр. Ол өзінен өзі дамып кететіндей түсінік қалыптасып келе жатқан сияқты. Мысалы, жаңа ғана бізге инфрақұрылым, серверлер, датацентрлер, кәсіби білікті мамандар қажеттігін айттым. Осының барлығы ресурс. Сондай-ақ, қаржысыз да шешілмейді. Ал бізде қаржы жағынан қаншалықты деңгейде қамтылып жатқанымыз дүдәмалдау. Қаржы керек. Көп қаржы керек. Ал оған дейінгі біздің ресурсымыз - халықтың әлеуеті мен жас буынның жігері боп тұр. Яғни, ChatGPT-ді жасаушы OpenAI компаниясының басшысы Сэм Олтман айтқандай, “Бір ғана адам құны $1 млрд АҚШ доллары тұратын компания жасайтын күнге” жетуше тырысу. Жастар ағылшын тілін біледі, әлемдік курстарға қол жеткізе алады, өз бетімен үйренуге дайын. Мысал ретінде айтайын, осы жақында ғана өзіміздің Ерзат Дулат есімді ІТ маман, ЖИ зерттеуші HigsfieldAI деп аталатын видеогенерация жасайтын компаниясының құндылығын миллиард доллардан асырды. Ол қазіргі таңда OpenAI компаниясының Sora, Google компаниясының Veo3 секілді құралдарымен деңгейлес боп тұр. Бізде талант бар, тек оларға сенім мен мүмкіндік керек. Ал мемлекет тарапынан - ашық деректер мен қолжетімді инфрақұрылым, қомақты қаржылық қолдау болса деймін. 

Одан бөлек, Astana Hub сияқты IT-экожүйелер жаңа стартаптардың өсуіне жағдай жасайтын технопаркіміз бар. Сондай-ақ, Nazarbayev University, KBTU, SDU сияқты университеттерде Data Science және AI бағытында мықты мектептер қалыптаса бастады. ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі қазірдің өзінде 40 шақты шетелдік танымал университеттердің филиалдарын ашып үлгерді. Coventry университеті, SeulTech, Arizona университеттерінің ЖИ бойынша мамандықтары ашылып жатыр. Мәселен, Түркістандағы Оңтүстік Кореялық Woosong университеті филиалының ашылу салтанатында ҚР Ғылым министрі Саясат Нұрбек мырза бұл филиалдардың қазақстандық түлектері Оңтүстік Кореяда жұмыс істеу визасына қол жеткізу мүмкіндіктері қарастырылып жатқанын айтты. Осы мүмкіндіктер шынайы жүзеге асқан жағдайда, ресурсымыз көбейе түсер деген үміттеміз.


- Бізге кадр даярлау мәселесі қаншалықты өзекті? Оқу орындарында ЖИ-ға қатысты қандай өзгерістер қажет?


- Ең өзекті мәселе осы.Бүгінгі мектеп оқушысы 10 жылдан кейін жұмыс істегенде, оның 70% мамандығы әлі пайда болмаған болуы мүмкін. Мысалы, мен 2000 жылдардың басында инженер-бағдарламашы мамандығын бітірген кезде, қазір өзім істеп жүрген ІТ жұмыстар мен қызметтердің басым көпшілігі болған емес. Айталық, мобайл бағдарламалау, блокчейн технологиясы, edge computing, сымсыз желілер, UX/UI, цифрлық маркетиң, тіпті data science, big data деген де ұғым болмады. Ал қазір бұл мамандықтарға ЖИ мен кванттық компьютер, робототехника салалары қосылды. Осының алдындағы сұраққа жауап бере кеткенімдей, міне, осы үшін де ҚР Ғылым министрі Саясат Нұрбек мырзаның жеке жіті назарында шетелдік ең үздік университеттердің еліміздегі филиалдарын ашу жұмыстары қарқынды түрде жүріп жатыр. Әрине, белгілі бір сындар бар. Мысалы, олардың барлығы сапалы қызмет көрсете ала ма, бастама табысты нәтиже бере ала ма деген секілді. Дегенмен, “Шегірткеден қорыққан егін екпейді” дегендей, ештеңе істемеген адам ғана қателеспейді. Бастысы, алға жылжу, болашаққа қадамдар бар. ҚР Президентінің қолдауымен Орталық Азиядағы академиялық хабқа айналу жұмыстары жасалып жатыр. AI Sana деп аталатын жоба аясында еліміздің барлық студенттерін ЖИ курстарымен қамту жүргізіліп жатыр. Ендігі міндет, студент жастарымыз соны ары қарай іліп әкетсе, керемет болар еді. Өйткені, өз басым студент болған кезде мұндай мемлекеттік қолдау, алапат ресурстар мен мүмкіндіктер болған емес. Керісінше, біз жалынып кітап сұрайтынбыз, компьютер сұрайтынбыз. Тіпті, интернетке қосылуды сұрайтынбыз. Ал қазір берілген мүмкіндікті қолданып, оқу ғана қалды. Одан кейін, әрине, барлық оқу орындары тек классикалық пән сабақтарын ғана емес, ойлау мәдениетін, талдау, логика, алгоритмдік ойлауды үйретуі керек. Өйткені, ЖИ-ды пайдалана алатын адам - жаңа дәуірдің азаматы.


- ЖИ саласын дамытуда мемлекет пен жеке сектордың әріптестігі қалай болуы керек?


- Былай ғой, классикалық көзқарас бойынша айтар болсақ, Мемлекет ойын ережесін, бизнес ойынды жасайды. Өйткені, өзіңіз білесіз, “Мемлекет - нашар менеджер” деген сөз бар. Жеке сектор - тез, икемді және инновациялық тұрғыдан әбжілдеу. Ал мемлекет өзінің басты функционалы - қауіпсіздік пен әділдік кепілі бола алса, жеткілікті деп есептеймін. Ресурстарды әділ бөлу, мүмкіндіктерді әділ бөлу.

Жалпы, дені сау мемлекетте жеке сектор мен мемлекеттің бір үстелге отыруы - басты міндет. Бірі жоқ болса, даму болмайды. Сондықтан, осы тұста айтарым, жеке сектор жасауы керек көп функционалды мемлекет өзіне арта бермеуі маңызды дүние. Әйтпесе, кей жағдайда “соңғы миль” деп аталатын жеке секторға қарасты шаруаларды мемлекет жасап жатқаны байқалады. Яғни, бастым модель: Мемлекет ұлттық маңызы бар мәселелерді (мысалы, қазақ тілді ЖИ, медициналық диагностика) анықтап, оны шешуге бизнесті тартуы керек.


- Әлемде ЖИ саласы қарқынды дамып келеді. Қазақстан үшін қай елдердің тәжірибесін үлгі етуге болады?


- Бір ғана елді көшіру дұрыс емес, бірақ бірнеше елдің үздік тәжірибелерін бейімдеуге болады. Оңтүстік Кореялық модель: Мемлекеттің технологиялық дамуға белсенді араласуы, ірі корпорациялармен (Samsung, LG) тығыз жұмыс істеуі және білім беруге үлкен инвестиция салуы. Канадалық модель: іргелі ғылымды қолдау (ЖИ “өкіл аталарының” бірі Джефри Хинтон осы елден) және “Этикалық ЖИ” (Ethical AI) стратегиясын дамыту. Сингапур “Ақылды ұлт” (Smart Nation) тұжырымдамасы аясында ЖИ-ны мемлекеттік басқару мен күнделікті өмірге терең енгізу. Франция / Германия моделі бойынша, өздерінің “деректер егемендігін” (data sovereignty) қорғай отырып, АҚШ пен Қытайдың технологиялық гиганттарына тәуелді болмауға ұмтылуы мені қатты қызықтырады. Яғни, Израиль - инновациялық батылдық, Корея - білім жүйесі, Эстония - цифрлық басқару, Сингапур - стратегиялық ойлау жағынан басымдау. Осы тұста, кейбір адамдар ұнатпайтын, жақтырмайтын бір сөз айтсам деймін. Ол - Қытайдың ЖИ және робототехника, автомобиль өндірісі саласына қатысты жетістіктеріне жіті назар аудару, үйрену. Қытайдан үйренер тұсымыз көп. Өзіңіз ойлап қараңызшы, мен әлі күнге таң қалатыным, OpenAI компаниясы 2017 жылдан 2022 жылға дейін қанша миллион доллар жұмсап, әлемдік ең үздік мамандарды жалдап, қанша ғылыми зерттеу жұмыстарынан соң ChatGPT-ді өмірге әкелсе, қытайлық DeepSeek жасанды интеллектиі небәрі жарты жыл, бір жылдың ішінде, өте аз қаражатпен жарыққа шықты. Мұндай жылдамдық, мұндай өнімділік қайдан шықты? Қалай жасалды? Осыны үлгі етіп зерттеу керек бізге. Сосын, әрине, жүзеге асыру қажет. Бірақ көшіру емес, бейімдеу керек. Өйткені, әр елдің өз ерекшелігі бары сөзсіз.


- Халықаралық ынтымақтастық пен инвестиция тарту қаншалықты маңызды?


- Сіздің бұл сұрағыңызға ішінара жоғарыда жауап беріп кеттім. Алайда, ынтымақтастық пен инвестиция деген де бір айтуға оңай дүние боғланымен, шындығына келгенде - ғаламдық бәсеке. Бізден басқа мемлекеттер де инвестор болуға лайық елдерге сапар шегіп, “Біздерде мынадай бар, мынадай бар” деп әркім көрпені өзіне қарай тартқысы келеді. Осы тұста, біз қалай ұтамыз? Экспертиза арқылы тарта аламыз ба? Біз технологиялық гиганттармен (Google, Microsoft, Nvidia) ынтымақтастық орнату арқылы олардың білімі мен тәжірибесін аламыз. Жаңағы айтқанымдай, Astana Hub арқылы бұл компаниялар қазірдің өзінде кейбір мәселелерде ынтымақтастық жасап жатыр. Айтпақшы, күні кеше ҚР Мемлекет басшысының АҚШ-қа ресми іссапары аясында OpenAI, Nvidia секілді компаниялармен, оның алдында Amazon секілді компаниялармен ынтымақтастық жасалып жатыр деген хабарлама айтылды. Ал енді инвестицияға келсек, шетелдік венчурлық қорлар мен ірі компаниялардың инвестициясы ішкі нарықты қаржыландыруға көмектеседі. Иә, біз ресурсқа бай, геосаяси тұрғыдан кейбір алпауыт мемлекеттерге қызық территориямыз. Дегенмен, инвестиция жасауға келгенде әлі де болса тікелей қомақты қаржы салынғаны туралы ақпарат айтыла қоймады. Дегенмен, жұмыс осылай-осылай біртіндеп жолға қойылатын болар. Менің ойымша, біздің қазіргі жағдайымызда әлемдік нарыққа шығу, ұмтылу - басты стратегиямыз болуы тиіс. Халықаралық әріптестік біздің отандық ЖИ стартаптарына әлемдік нарыққа шығуға жол ашады.


- ЖИ-ды еліміздің қай салаларында бірінші кезекте қолдану керек деп ойлайсыз?


- Негізі бар ғой, “бірінші кезете қай салада қолдану керек?” деген сұрақ сәл жаңсақтау деп ойлаймын. Өйткені, біз технологиялық прогрестің көп бөлігінен кешеуілдеп дамып жатқандықтан, барлық салада бірден қолдана кетсек, тіпті жақсы болар еді. Өзіңіз ойланып қараңызшы? Біз әрбір технология шыққан сайын оны елеп-ескермей, “Ол тек қана ІТ саласының мамандары үшін ғой” деген желеумен, кейінге шегерумен келеміз. Компьютер шығып еді, “Маған қажет емес. Қағаз бен қалам жарайды” дедік. Сосын әбден компьютерсіз жүру мүмкін емес боп кеткен соң барып қолға ала бастадық. Ал ол кезде әлем компьютер жәуірін аяқтап, мобильді дәуірге көшіп кетті. Интернет келіп еді, “Маған интернет қажет емес. Кімге керек ол?” дедік. Сөйтіп, бүкіл әлем интернеттің қызығын көріп, пайдалы көбігін сыпырып алып, бізге қалдығы қалған кезде барып, интернеттің маңыздылығын кеш түсіндік. Тиісінше, барлық салада осылайша кеш енгізіле бастады. Мұның барлығы экономикамыздың жай дамуына, еліміздің баяу жүрісіне әкелді. Бұл жолы да солай болмаса екен деген арманым бар. Сіз қазір смартфон ұстау үшін ІТ маман болуыңыз міндетті ме? Жоқ. Ендеше, ЖИ қолдану үшін де ІТ маман болуыңыз міндетті емес. Ол - барлығына ортақ технология. Тіпті, малшы болсаңыз да. Дегенмен, сұрағыңызға жауап бере кетсем, ең алдымен, экономикамыздың негізгі тіректерінен бастау керек. Бұл - өнеркәсіп (Мұнай-газ, Металлургия) саласы: Өндірісті оңтайландыру (optimization), жабдықтардың істен шығуын болжау (predictive maintenance), геологиялық барлау деректерін талдау және еңбек қауіпсіздігін арттыру. Әриине, ауыл шаруашылығы: “Нақты егін науқаны” (precision farming), дрондар мен спутник суреттерін талдау арқылы өнімділікті болжау, суаруды оңтайландыру. Қаржы саласында, бұны FinTech деп атайды. Бұл сала қазірдің өзінде көш басында (кредиттік скоринг, алаяқтықты анықтау). Оны одан әрі дамыту қажет. Біз, мысалы, Kaspi секілді банктердің цифрландыру үрдісінде қаншалықты үлкен жетістіктерге жетіп жатқанын көзімізбен көріп отырмыз. Содан соң, әрине, мемлекеттік басқару саласында. Ол - бюрократияны азайту, азаматтардың өтініштерін жылдам өңдеу, қалалық трафикті басқару деген сияқты шараларда қажет болады. Сосын енді денсаулық сақтаусыз тағы болмайды. Медициналық суреттерді (Рентген, МРТ) талдау арқылы диагноз қоюға көмектесу. Біздің Маңғыстауда осыған қатысты ЖИ технологиясын қолданып әрекет ету жұмыстары Маңғыстау облыстық Цифрландыру басқармасы тарапынан қолға алына бастады. Тағы бір ұмыт қалдыруға болмайтын сала, ол - Білім саласы. Мысалы, мектептерді, студенттерді, жастарды ЖИ саласында оқыту, ЖИ мамандықтарды игеруге көмектесу. Осы орайда Маңғыстау облыстық Жастар саясаты жөніндегі мәселелері басқармасының жұмыстарын тілге тиек ету қажет. Басқарма басшысы Мұқаш Оралбайдың тікелей бастамашылығымен Timur Academy үкіметтік емес ұйымы он бағыттан тұратын жаңа ЖИ мамандықтарды оқытуды қолға алды. Оған қоса жастарға, оқушыларға, студенттерге, NEET санатындағыларға арналған Mangystau Zhastary деп аталатын мобильдік бағдарлама жасап, оны Google Play Market, Apple AppStore платформасына жүктеді. Енді оны өңіріміздің әрбір тұрғыны тегін қолданып, онлайн тегін ЖИ курстардан өте алады. Айтпақшы, өңіріміздегі бірегей университет Yessenov University базасында мемлекет аумағындағы алғашқы TechnoPark жұмыс істеп тұрғанын да мақтанышпен жеткізгім келеді. Өйткені, TechnoPark инновациялық орталығы секілді жұмыс істейтін платформа қазіргі таңда тек Астанадағы AstanaHub-та ғана бар. Содан кейін біздің өңірімізде. Бұл - студенттеріміз бен жастарымызға берілген үлкен мүмкіндік. Өйткені, біз не істесек те, білім арқылы жасауымыз керек. Білімсіз ұрпаққа ЖИ дәуірде өте қиын болады. Осы орайда өңіріміздегі мен айтқан бастамалардың пайдасы зор.


- ЖИ енгізу халықтың күнделікті өміріне қалай әсер етеді?


Жақсы сұрақ. Неліктен? Өйткені, біздің халқымыз оның пайдалы тұсынан көрі зиянды жағына қатты мән беріп кетті. Осы орайда, кез-келген технологияның негатив жағы әрдайым болатынын ескеру қажет. Автомобиль пайда болғанда, оның көшедегі адамдарды басып кететіні белгілі болды. Сол үшін бағдаршам ойлап табылды. Атом бомбасы ойлап табылғанда, оның алапат күші туралы бүкіл әлем білді. Тіпті, біздің Семей өңірі сынақ полигонына айналды. Зардабын әлі тартып келеміз. Дегенмен, біз олардан бас тарта алмаймыз. Оларды меңгеру қажет, жасау қажет, үйрену қажет. Дәл сол сияқты, ЖИ технологиясыны да әсері өте ауқымды болады. Ең басты дүние: жұмыссыздық. Иә, нақты айта аламын, жұмыссыздық болады. Бірақ, Goldman Sachs, McKinsey секілді зерттеу институттары әрбір жойылға жұмыс орнына 2-3 жаңа жұмыс орын ашылады екен. Бірақ, осы жерде тағы бір зиян тұсы бар. Бұл - цифрлық алшақтық деген түсінік. Ол не? Ол - технологияны меңгергендер одан сайын жетіле түседі де, технологияға қырын қарап, менсінбей, қашқақтап, оны тек ІТ мамандардың ғана тірлігі деп қабылдағандардың артта қала беруі. Осы екі ортада бос орын пайда болады. Осыны технологиялық, цифрлық алшақтық дейді. Яғни, бір адам ЖИ арқылы стартап жасап, компания ашып, ақша тауып, білімін жетілдіріп, қарқынды даму жолына түссе, екінші бір адамдардың топтары түсінбегеннің үстіне түсінбей, білмегеннің үстіне білмей, ақыр соңында әрі жұмыссыз, әрі технологиялық сауатсыз, жағаға шығып қалады. Неліктен? Өйткені, ЖИ саласының көз ілеспес дамуынан. Сол үшін де біздің еліміздің Президентінің арнайы министрлік ашып, ҚР Ғылым министрлігінің AI Sana секілді бағдарлдамаларды жасап, еліміздің азаматтарын жаппай оқытып, Маңғыстау облысының Жастар саясаты мәселелері басқармасы секілді органдардың жастарды, әсіресе, NEET санатындағы жұмыссыз жүргендерді жеделдетіп ЖИ бағытында маман ретінде даярлауға күш салып жатқаны - өте маңызды, дер кезіндегі, қайталап айта беруге тиіс мәлімет. Тағы да неліктен деген сұрақ болса, өйткені, осы ақпарат көпшілікке жетпей жатыр. 

Ал енді жағымды тұстарына келер болсақ: Персоналды (жеке) қызметтер көбейеді (жеке білім беру траекториясы, жеке медициналық кеңестер). Болсын болмасын, уақыт үнемдеуге көмектеседі. Мәселен, мемлекеттік қызметтерді алу, банктік операциялар сол сәтінде орындалады. Қоғамдық қауіпсіздік бағыты. “Ақылды қалалар” (көшедегі бейнебақылау) қылмысты азайтуы мүмкін. Жұмыс жағынан көмекке келеді: рутинді, қайталанатын жұмыстар автоматтандырылып, адамдарға шығармашылықпен айналысуға уақыт босайды. Осы жерде “Неліктен?” деген үшінші сұрақ тағы қойылар болса, себебі, бір күні біз байқамай-ақ ЖИ-мен өмір сүріп кетеміз. Тіпті, қазірдің өзінде оқушылар өз өмірлерін ChatGPT-сіз елестете алмайды. Қазірдің өзінде ЖИ бізге не көру, не сатып алу, тіпті не ойлау керектігін ұсынып жатыр. Басты мәселе - біз оны қолданамыз ба, әлде ол бізді басқара ма - соны әрбіріміз терең ойланып, әрекет етуіміз керек.


- Деректер қауіпсіздігі мен жеке мәліметтерді қорғау мәселесі туралы не ойлайсыз?


- Бұл енді проблема. Азаматтарымыз цифрлық сауатын арттырып, кім көрінгенге мәліметін оңды-солды тарата бермесе екен дейміз. Мысалы, жақында өзімнің әлеуметтік желідегі парақшамда “ChatGPT-ге жеке мәліметіңізді ешқашан жібермеңіз” десем, көпшілігі “ChatGPT-ге менің мәліметімнің не қажеті бар дейсің? Сен де айтады дегенге айта бересің” деп жатыр. Адамдар қазір ChatGPT сияқты жасанды интеллект жүйелеріне банк мәліметтерін, шоттарын, аты-жөндерін, ЖСН нөмірлерін, жеке куәлігін, КТ, МРТ, УЗИ сияқты әртүрлі рентген түсірілімдерін жіберіп жатыр. Оның ішінде мекен-жай, телефон, емайлға дейінгі барлық мәліметі бар. Соны жібермеңіздер, ол интернетке кетіп жатыр десем, “Ол кімге керек? Менің банк шотымда бір түйір ақша жоқ, мәліметімді алса ала берсін” дейді. Айтпағым, мемлекет қанша жерден дереутер қауіпсіздігін сақтаймыз деп, басқа да шараларды қарастырғанымен, адамдар өздері барлық мәліметін бүкіл әлемге жайып салып отырған кезде, не істеуге болады? Сондықтан, мемлекет ұсынып отырған тегін ЖИ курстарын, қауіпсіздік мәселелерін оқу керек, білу керек, түсіну керек. Қыңырланып сөйлеп, кекетіп-мұқатып, цифрлық қауіпсіздікке күле қарауға болмайды. Ертең-ақ сізді “күлдіріп” жібереді. Қазірдің өзінде қанша тұрғын елімізде интернет арқылы алаяқтыққа тап боп жатыр. Қарапайым ғана статистикаға көз салыңыз: осы жылдың 8 айының өзінде қазақстандықтар әртүрлі деңгейдегі алаяқтарға 16,8 млрд [миллион емес, миллиард] теңге аударып жіберген. 92 мың кибер алаяқтық орын алған. Құқық қорғау органдары 14 761 адамды күдікті ретінде ұстаған. “Менің телефоным, мекен-жайым кімге керек дейсің? Шотымда бір тиын жоқ, не істей алады маған?” деп біз сияқты мамандардың ескертпесіне күле қараған адамдарға айына 600 000 алаяқ телефон соғады, Қазақстан бойынша. Астанадағы алаяқтыққа қарсы күрес қызметі тәулігіне 2000-нан астам жалған телефон байланысын анықтайды. Еліміздегі адамдар Құдайдың құтты күні оп-оңай алданып қалып жатыр. Сондықтан, сіздің жеке мәліметіңізді қорғау - ең бірінші кезекте сіздің өзіңіздің міндетіңіз. Мысалы, сіз үйіңіздің есігін ашып кетпейсіз. Көлігіңізді ашық-шашық тастап кетпейсіз. Банк картаңызды әркімге бір бермейсіз. Ендеше, жеке мәліметіңізді де ешкімге жібермеуіңіз қажет. Осы қарапайым ғана дүниені азаматтарымыз түсінсе екен. 

Одан кейін, әрине, мемлекеттік тұрғыда қатаң заңнама қажет болар. Мәселен, Еуропаның GDPR (General Data Protection Regulation) үлгісіндегі “Дербес деректер туралы” заңнаманы күшейту және оның орындалуын қатаң бақылау қажет болар. Бұл жасанды интеллект деген киберқауіпсіздік мәселесін де әкеоіп отыр. Сондықтан оны қорғау - тек заң жүзіндегі құжаттар ғана емес, осы заманғы адамның күнделікті мәдениеті. Азамат өз дерегінің иесі екенін түсінген сәттен бастап, цифрлық егемендік, цифрлық қауіпсіздік басталады.


- ЖИ-дың этикалық шектеулері туралы не айтар едіңіз?


ЖИ-ды қолданып жатқан адам оны не үшін, кім үшін, неліктен қолданып жатқанын түсінуі керек. Жай ғана кәсібіне жарнама жасау үшін, ермек үшін, ертегі үшін, ойын үшін, қызық үшін қолданып жатса, жарайды. Алайда, бір адамдардың абыройын төгу үшін, жалған ақпарат, фейк мәлімет тарату үшін қолданып жатса, бұл этикаға сәйкес келмейді. Одан кейінгі этикалық мәселе, ол, плагиат. Мысалы, студенттер мен оқушылардың барлығын ChatGPT-ге жаза салып, дайын жауапты көшіріп алу. Ол академиялық адалдыққа сай емес. Сондай-ақ, ЖИ арқылы алған мәліметтің барлығына басы жоқ, көзі жоқ сене беру, құлай сену, имандай сену де үлкен қателіктердің бірі. ЖИ мәліметін екі шұқып бір қарау қажет. Мақсат - адамды алмастыру емес, адамды күшейту. Негізі, бұл да бір өз алдына ауқымды тақырып.


- Алдағы 5-10 жылда Қазақстанда ЖИ саласы қандай деңгейге жетуі мүмкін деп ойлайсыз?


- Айту қиын. Болжам жасап көруге болар еді, алайда, технология саласында “Адам баласы жақын болашақты болжауда асыра сілтейді, алыс болашақты болжауда жеткізбей тастайды” деген сөз бар. Қазір өзі бірдеңе айтудан қорқатын болдық. 5-10 жыл тұрмақ, келесі жылы осы уақытта не болады, айту қиын. Біртіндеп-біртіндеп дамимыз ғой енді. Мысалы, қараңызшы, күні кеше ҚР Президенті Қ.Тоқаев мырзаның АҚШ іссапарында OpenAI компаниясымен бірлесіп қазақстандық мұғалімдерге OpenAI EDU жобасы аясында ChatGPT-ді тегін қолданысқа беру мәселесі талқыланды. Сондай-ақ Perplexity Pro тарифін қазақстандықтарға тегін қолданысқа беру жобалары айтылып қалды. Егер біз осы мүмкіндіктерді өз орнымен, дұрыс қолдана алсақ, келесі жылы бұдан да ауқымды, бұдан да нәтижелірек бір дүниелерге, деңгейлерге жетіп қалармыз? Кім біледі…


- Қоғамда ЖИ туралы түсінікті қалыптастыру үшін не істеу қажет?


- Бірінші - қорқынышты жою. ЖИ - жау емес, құрал. Екінші - қарапайым тілде түсіндіру. Үшінші - мысалмен көрсету. Сол кезде халық “технология” емес, мүмкіндікті көреді. Мәселен, мен өз басым ағарту жұмыстарын қолға алғаныма біраз болды. Содан кейін “жасанды интеллект анадай екен, мынадай екен” деген ел аузындағы мифтерді, аңыздарды сейілту. БАҚ арқылы ЖИ-дың нақты не екенін, оның қалай жұмыс істейтінін қарапайым тілмен түсіндіру. Осы орайда ғой менің жиі тілге тиек ететінім: Цифрлық сауат. Мектептен бастап зейнеткерлерге дейін барлық азаматтарға арналған ЖИ сауат ашар курстарын ұйымдастыру. Сәтті кейстерді көрсету: ЖИ-дың дәрігерге, мұғалімге, фермерге қалай көмектесіп жатқаны туралы нақты мысалдарды жиі көрсету. Түптеп келгенде, ЖИ - біздің ұлттық бәсекеге қабілет3мізді арттыратын басты құралдардың бірі.


82
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!