«Міржақып оқулары» байқауында озған оқушылар iPhone мен ноутбук ұтып алды
Маңғыстауда Міржақып Дулатұлының шығармаларын терең зерделеген оқушылар олжалы болды. 610 қатысушының ішінен озып шыққан үздіктерге iPhone 17, iPhone 16 және ACER ноутбугі берілді, деп хабарлайды otpannews.kz.
Ақтау, Жаңаөзен қалалары мен Мұнайлы ауданында «QC READ» жобасы аясында өткен «Міржақып оқулары» байқауының қорытынды марапаттау рәсімі өтті. Додаға жалпы 610 оқушы қатысып, Міржақып Дулатұлының шығармаларын оқып, тест пен эссе кезеңдерінен өтті.
Өткен жылы «Міржақып оқулары» Мұнайлы ауданында болған. Биыл Ақтау мен Жаңаөзен қалалары қосылды. Бұл сайыс бір жарым ай бұрын басталған. Оқушыларға Міржақып Дулатұлының 6-7 шығармасын оқу тапсырылды. Оқып болған соң тест тапсырды. Тесттен сүрінбей өткендер эссе жазды. Ең мықты жазылған шығармалар таңдалып, жеңімпаз деп танылды. Балаларды кітап оқуға баулу – басты миссиямыз. Алаш қайраткерлерінің идеяларын танып, оның рухани құндылығын болашақта өз өмірінде қолдануына ықпал еткіміз келеді, - дейді байқаудың бас ұйымдастырушысы «QC HOLDING» құрылыс компаниясының құрылтайшысы Нұралхан Құлшықов.
Шараға ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Светқали Нұржан, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Самат Нұртаза, облыс әкімінің орынбасары Аббат Өрісбаев, «AMANAT» партиясының өңірлік филиалы төрағасының орынбасары Анар Шамшадинова, Ақтау қаласы мен Мұнайлы ауданының әкімдері қатысты.
Бұл – өте игілікті іс. Әбіш ағамыз айтқандай, “адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана”. Бұл – қай дәуірде де мәнін жоймайтын ақиқат. Кітаптан алыстаған ұрпақ, қалай десек те, кітаппен жақын өскен буыннан рухани һәм мәдени тұрғыдан төмен болады. Қазір, өкінішке қарай, жұрт тек өз ауылынан немесе руынан шыққан тұлғаларды ғана насихаттайтын жайсыз бір әдетке бой алдырып барады. Осылайша ұлттық кеңістікте ойлай білу қабілетімізден айрылып қалдық. Ал қазаққа қажет тұлғаларды танытып, олардың мұрасын жас буынның жүрегіне сіңіру – өте құптарлық әрекет, – деді ақын Светқали Нұржан.
Байқаудың әділ-қазылары – ф.ғ.к., профессор Әділет Қабылов, Есенов университетінің профессоры Жоламан Қобланов, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Асылзат Мадиұлы қатысушылардың жұмыстарын саралап, Мұнайлы ауданы, Ақтау мен Жаңаөзен қалаларынан бес үздікті анықтады.
Ақтау қаласы
І орын - Ербол Ақнұр, ІТ мектеп-лицейі;
ІІ орын - Айтыман Нұрбөпе, №30 мектеп;
ІІІ орын - Жанғали Жайдары, № 24 мектеп,
- Бақтиярова Арайлым, № 17 мектеп,
- Бисенбекұлы Самғар, «Дарын» ОМИ
Жаңаөзен қаласы
І орын - Тиркеш Ақерке, № 15 мектеп;
ІІ орын - Дәлубай Айкөркем, №5 мектеп;
ІІІ орын - Кемаладин Гүлсезім,
- Тұрғанбаева Аяжан, № 10 мектеп,
- Абдурахман Айзада, «Дарын» ОМ№ 17 мектеп
Мұнайлы ауданы
І орын - Аманжол Ақмерей, № 6 мектеп;
ІІ орын - Жаумутбай Ақтоты, Қызылтөбе лицейі;
ІІІ орын - Жоламан Назым, № 3 мектеп,
- Нускабаев Мухаметтали, № 17 мектеп,
- Талип Бекзат, № 3 мектеп
Қазақ жазушыларының шығармашылығына және жасөспірімдер арасында кітап оқу мәдениетін дамытуға бағытталған «QC READ» жобасы 2024 жылдың қыркүйек айында басталған. Осы уақытқа дейін Маңғыстау және Қостанай облыстарында Әбіш Кекілбаев, Бейімбет Майлин, Төлен Әбдік, Оралхан Бөкей, Міржақып Дулатұлы және Светқали Нұржан шығармашылығына арналған 9 байқау өткізілген.