Биыл Маңғыстаудың бюджетінде басты назар әлеуметтік салада
Маңғыстау облысының 2025 жылға арналған бюджеті нақтыланып, әлеуметтік сала мен инфрақұрылым жобаларына ерекше көңіл бөлінді. Бұл туралы 13 қарашада облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай қатысқан облыстық мәслихаттың кезектен тыс XXIII сессиясында айтылды, хабарлайды otpannews.kz.
Жоспарға сәйкес, қаржы білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қамсыздандыру салаларына бағытталып, мектептер мен балабақшаларды жабдықтау, медициналық мекемелердің материалдық-техникалық базасын жақсарту және тұрғындарға әлеуметтік қолдау көрсетуге жұмсалады.
Сонымен қатар, Бейнеу, Қарақия және Түпқараған аудандарында газ және ауыз су жүйелері жаңартылып, жол инфрақұрылымы жақсарады, кейбір мектеп құрылыстары толықтай аяқталады.
Облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай депутаттарға бірлескен жұмысы үшін алғыс айтып, өңірдің дамуын қамтамасыз ету үшін ортақ күш-жігерді жалғастыру керек екенін атап өтті.
Облыстық бюджетті нақтылау – өңірдің дамуына серпін беретін маңызды іс. Бұл жұмысқа атсалысқан баршаңызға алғыс айтамын. Біздің мақсат – халықтың өмір сүру сапасын жақсарту және Маңғыстаудың мүмкіндігін арттыру. Осы бағыттағы бірлескен жұмысты алда да жалғастырамыз, – деді Нұрдәулет Қилыбай.
Сессия қорытындысы бойынша облыстың нақтыланған бюджеті өңірдің тұрақты дамуына, әлеуметтік нысандарды қолдауға және тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталатыны айтылды.