Қазақстанның алғашқы АЭС-інің атауы белгілі болды
Қазақстанда елдің алғашқы атом электр станциясына ең үздік атау таңдауға арналған бүкілхалықтық конкурс аяқталды. Конкурс Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы 11 тамыздағы бастамасын іске асыру мақсатында ұйымдастырылып, 2025 жылдың 25 қыркүйегі мен 10 қазаны аралығында eGov Mobile платформасында өтті, деп хабарлайды otpannews.kz.
Конкурс комиссиясының соңғы отырысының қорытындысы бойынша азаматтардан ең көп ұсыныс жинаған «Балқаш атом электр станциясы» атауы жеңімпаз деп танылды. Таңдалған атау атом электр станцияларын географиялық белгі бойынша атау жөніндегі халықаралық тәжірибеге де сәйкес келеді.
Конкурсқа 16 жастан асқан 27 157 Қазақстан азаматы қатысты. Әрбір қатысушы тек бір атау ұсынды.
2025 жылдың 5 қыркүйегінде қоғамдық өкілдер, креативті индустрия мамандары, сондай-ақ атом энергетикасы, филология және тарих саласының сарапшыларынан құралған Конкурс комиссиясы құрылды.
Барлық ұсыныстардың ішінен 10 460 бірегей нұсқа анықталды. Өңдеу барысында кириллица, латын әліпбиі және синоним сөздер сияқты әртүрлі жазу нұсқалары ескерілді.
Комиссия отырысында ең танымал 100 атау қаралды. «Балқаш атом электр станциясы» атауын 882 азамат ұсынып, танымалдық рейтингі бойынша бірінші орынға шығып, конкурстың жеңімпазы болды.
Сонымен қатар Конкурс комиссиясы нысанның орыс және ағылшын тіліндегі атауларын белгіледі:
· «Атомная электростанция «Балхаш»»;
· «Balkhash Nuclear Power Plant».