Otpan News Logo

Жаңа Конституция – тең мүмкіндіктер мен әлеуметтік қорғалудың негізі

|
07.11.2026 12:42
Жаңа Конституция – тең мүмкіндіктер мен әлеуметтік қорғалудың негізі

АҚТАУ. OTPANNEWS.KZ – Білім беру саласының өкілдері ретінде біз 2026 жылы Қазақстан Республикасының Конституциясына енгізілген өзгерістерге ерекше назар аудардық. Жаңартылған Ата Заңда адами капиталды дамытуға, мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қорғауға, тең мүмкіндіктерді қамтамасыз етуге және кедергісіз қолжетімді орта қалыптастыруға айрықша мән берілгені біз үшін аса маңызды. Бұл бағыттар мемлекеттік саясаттың негізгі бағдарларына айналып, қоғамның одан әрі дамуына негіз болады.


Конституциялық реформа мемлекеттің әлеуметтік бағдарын күшейтіп, әрбір азаматтың әл-ауқатын басты орынға қояды және оның құқықтарын қорғауға бағытталған заңдық кепілдіктерді бекітеді. Осы тұрғыда инклюзия мен тең мүмкіндіктерге қатысты нормалардың маңызы ерекше.


Жаңа Ата Заң әрбір адам тең құқықтарға ие және кемсітушіліктің кез келген түрінен қорғалатын инклюзивті қоғам қалыптастырудың берік құқықтық негізін қалайды. Атап айтқанда, бұл – Қазақстанда саны 760 мыңнан асатын мүгедектігі бар адамдарды қоса алғанда, барлық азаматтардың құқықтары мен мүмкіндіктерінің теңдігіне берілетін кепілдіктер.


Қолжетімді орта қалыптастыру мәселесі де аса маңызды. Мемлекет қолданыстағы кедергілерді жүйелі түрде жойып, кедергісіз инфрақұрылымды дамытып, азаматтардың әлеуметтік қызметтер мен оңалтудың техникалық құралдарына тең қол жеткізуін қамтамасыз етуі қажет. Бұл – жай ғана қолайлы жағдай жасау емес, әрбір адамның қоғамдық өмірге толыққанды араласуына мүмкіндік беретін қажетті қадам.


Білім беру саласындағы кепілдіктерге де ерекше назар аударылады. Өйткені білім беру адами әлеуетті дамытудың негізгі факторларының бірі саналады. Мемлекеттік оқу орындарында азаматтардың бастауыш және орта білімді тегін алу құқығының бекітілуімен қатар, инклюзивті білім беруді одан әрі дамыту да маңызды бағыттардың бірі болып қала береді.


Бұл міндетті жүзеге асыру үшін кешенді тәсіл қажет. Үкімет пен жергілікті атқарушы органдар инклюзивті білім берудің мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған шараларды қарастыруда. Басым бағыттардың қатарында балалардың даму ерекшеліктерін ерте кезеңде анықтау, бейінді мамандар санын арттыру, сондай-ақ ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалармен жұмыс істейтін педагогтерді қолдау бар. Атап айтқанда, осындай жұмыс үшін педагогтерге 40 пайыз мөлшерінде қосымша ақы төлеу көзделген.


Әрине, әрбір қазақстандық үшін адамға қамқорлық жасауға, өмір сапасын арттыруға және әлеуметтік қорғалуға қатысты нормалардың да маңызы зор. Жаңа конституциялық тәсіл азаматтардың жасына, сырқатына, мүгедектігіне және заңда көзделген өзге де негіздерге байланысты әлеуметтік қамсыздандырылу кепілдіктерін күшейтуді көздейді.


Отбасын қорғау, адам қадір-қасиетін құрметтеу, ана мен әке болудың тең маңызын мойындау да маңызды құндылықтар қатарында. Бұл нормалар қоғамның әл-ауқаты адам мен отбасын қолдаудан басталатынын айқындайды.


Сонымен қатар азаматтардың негізгі құқықтарын, оның ішінде тұрғын үйге қол сұғылмаушылық құқығын қорғаудың маңызы ерекше. Ешкімді заңда көзделген сот шешімінсіз тұрғын үйінен еріксіз айыруға немесе мәжбүрлеп шығаруға болмайды. Мұндай кепілдіктер азаматтардың құқықтық қорғалуын нығайтып, ертеңгі күнге деген сенімін арттырады.


Дегенмен кез келген конституциялық норманың шынайы құндылығы оның күнделікті өмірде іс жүзінде жүзеге асуымен өлшенеді. Бекітілген құқықтар мен кепілдіктерді әрбір азамат сезінуі маңызды. Бұл білім мен медициналық көмектің қолжетімділігінен, еркін жүріп-тұру, еңбек ету, даму және қоғамдық өмірге толыққанды араласу мүмкіндігінен көрініс табуға тиіс.


Осы қағидаттарды жүйелі түрде жүзеге асыру әділетті әрі инклюзивті қоғам қалыптастырудың маңызды шартына айналып, мемлекет пен азаматтар арасындағы сенімді нығайтады және Қазақстанның адами әлеуетін дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашады деп сенемін.


Гүлден Иманғалиева,

Ақтау қаласындағы Н.Марабаев атындағы

№7 мектеп-лицейдің директоры

6
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!