Мұнайлы ауданында «Салауатты сана – қауіпсіз қоғам негізі» әлеуметтік жобасы сәтті аяқталды
Мұнайлы ауданында қоғамдағы өзекті әлеуметтік мәселелердің алдын алуға бағытталған «Салауатты сана – қауіпсіз қоғам негізі» әлеуметтік жобасы өз жұмысын сәтті қорытындылады.
Жоба Мұнайлы ауданы ішкі саясат бөлімінің тапсырысымен, «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ-ның қолдауымен және «Көмек командасы» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен жүзеге асырылды.
Жоба аясында тұрмыстық зорлық-зомбылық, нашақорлық, құмарпаздық, вандализм және ысырапшылдықтың алдын алуға бағытталған бірқатар мазмұнды іс-шара ұйымдастырылды.
Жоба барысында TEDx форматындағы кездесулер, пікірталастар, викториналық квест, тимбилдинг, республикалық поэзиялық мүшәйра және облыстық форум өткізіліп, жастар мен тұрғындардың құқықтық, әлеуметтік және азаматтық сауаттылығын арттыруға басымдық берілді.
Іс-шаралар барысында қатысушылар қоғамдағы өзекті мәселелерді талқылап, олардың алдын алу жолдарын қарастырды. Сонымен қатар жастардың белсенділігін арттыруға, шығармашылық қабілетін дамытуға және қоғамдық жауапкершілігін қалыптастыруға бағытталған интерактивті жұмыстар жүргізілді.
Атап айтқанда, вандализмнің алдын алу мақсатында «Вандализм – қоғамға қарсы әрекет пе, әлде жауапсыздық па?» тақырыбында TEDx форматындағы кездесу өтіп, оған 150-ге жуық жас қатысты. Ал «Ыбықты сай» туристік аймағында экологиялық тимбилдинг ұйымдастырылып, қатысушылар аумақты тазалау акциясына және экологиялық бастамаларға атсалысты.
Құмарпаздықтың алдын алу бағытында «Құмарпаздық – тәуелділікке апарар жол» атты TEDx кездесуі және «Құмар ойындар – күйреуге апарар жол» тақырыбындағы викториналық квест өткізілді. Квест барысында жастар алты бекетте қаржылық сауаттылық, құқықтық жауапкершілік және салауатты өмір салтына қатысты тапсырмаларды орындады.
Әйелдердің құқықтық және әлеуметтік сауаттылығын арттыру мақсатында «Ауыл. Әйел. Қоғам» облыстық форумы ұйымдастырылып, оған 200-ден астам ауыл әйелі қатысты. Форумда отбасы құндылықтары, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, әйелдердің экономикалық дербестігі мен кәсіпкерлік мүмкіндіктері талқыланды.
Ал ысырапшылдық мәселесіне қоғам назарын аудару мақсатында жас ақындар арасында республикалық поэзиялық мүшәйра өткізіліп, қатысушылар шығармалары арқылы ұқыптылық, табиғатты қорғау және рухани жауапкершілік тақырыптарын көтерді.
Сондай-ақ жастар арасында пікірталас алаңы ұйымдастырылып, қатысушылар әлеуметтік мәселелер бойынша өз ойларын ортаға салып, азаматтық ұстанымдарын білдірді.
Жоба аясындағы барлық іс-шаралар қатысушылардың белсенді араласуымен, ашық пікір алмасу және интерактивті форматта өтті.
«Салауатты сана – қауіпсіз қоғам негізі» жобасы қоғамдағы өзекті мәселелердің алдын алуға, жастардың азаматтық жауапкершілігін арттыруға және қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталған жұмыстарды жүйелі түрде жүзеге асыруға мүмкіндік берді.
Жоба өз мақсатына сай мазмұнды іс-шаралармен қорытындыланып, қатысушыларға әлеуметтік жауапкершілік пен саналы мінез-құлықтың маңызын жеткізді.