Мәслихат сессиясында өңірдің даму жоспары талқыланды
Маңғыстау облысы әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың қатысуымен Маңғыстау облыстық мәслихатының кезектен тыс XXV сессиясы өтті. Жиын барысында облыстық бюджетке түзетулер енгізу, аймақтың даму жоспарын өзектендіру, 2021–2025 жылдарға арналған бағдарламаның іске асырылу барысын саралау мәселелері талқыланды, деп хабарлайды otpannews.kz.
Сессия жұмысына облыс әкімінің орынбасарлары, басқарма және департамент басшылары, қала және аудан әкімдері, мәслихат депутаттары қатысты. 2021–2025 жылдарға арналған бағдарламаның іске асырылу барысын талқыланып, әлеуметтік қолдау шаралары, білім беру мен денсаулық сақтау салаларын жетілдіру, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жүйесін дамыту, су пайдалану қағидалары және өзге де маңызды бағыттар кеңінен қарастырылды.
Сессия барысында облыс әкімінің орынбасары Тілек Жеткізгенұлы 2021-2025 жылдың қорытындысы бойынша баяндама жасап, соңғы бес жылда өңірлік жалпы өнімнің 3,6 трлн теңгеден 5,3 трлн теңгеге дейін өсіп, шамамен 50 пайызға артқанын атап өтті. Осы кезеңде облысқа 5 трлн теңгеге жуық инвестиция тартылып, 83 жоба іске асырылған.
Агроөнеркәсіп саласында 19 жоба жүзеге асырылып, түйе саны 20 пайызға өссе, көлік және инфрақұрылым бағытында 738 шақырым жол жөнделіп, 333 жаңа автобус сатып алынды. Сонымен қатар ауылдар толықтай орталықтандырылған ауыз сумен қамтылып, жылу желілері жаңартылды. Әлеуметтік салада 10-нан астам медициналық нысан салынып, 21 мыңнан астам орындық жаңа мектептер пайдалануға берілді, үш ауысымды мектептер саны 18-ден 3-ке дейін қысқарды. Баяндамашы жүзеге асырылған жобалар мен бастамалар аймақ экономикасының құрылымын кеңейтіп, түрлі салалардың дамуына серпін бергенін, соның нәтижесінде тұрғындардың әл-ауқаты мен өмір сүру деңгейі айтарлықтай жақсарғанын атап өтті.
Сонымен қатар, Маңғыстау облысы экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Тілеген Едігеев 2026 жылға арналған облыстық бюджетті нақтылау мәселесі бойынша баяндама жасады. Атап өткендей, бюджеттің басым бөлігі әлеуметтік салаларды дамытуға жұмсалмақ: білім беру, денсаулық сақтау, спорт, мәдениет, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық пен халыққа әлеуметтік қолдау көрсету бағыттары ерекше назарда. Сонымен қатар, экономиканың нақты секторын қолдау, инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру және коммуналдық жүйелерді жаңғырту үшін қосымша қаржы қарастырылған.
Жиын соңында облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай қабылданған шешімдердің өңірдің тұрақты дамуына, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға және әлеуметтік салаларды қолдауға бағытталғанын атап өтті. Сонымен қатар мәслихат депутаттарына бірлескен әрі нәтижелі жұмысы үшін алғыс білдірді.
– Алдағы уақытта да әлеуметтік салаларды нығайтуға, инфрақұрылымды дамытуға және инвестициялық жобаларды іске асыруға басымдық береміз. Бірлескен еңбектің арқасында өңіріміздің әлеуетін одан әрі арттыруға сенім білдіремін, – деді өңір басшысы.
Сессия қорытындысы бойынша күн тәртібіндегі барлық мәселелер жан-жақты талқыланып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын нығайтуға бағытталған нақты шешімдер қабылданды.