Ақтауда балалар хоккей мен мәнерлеп сырғанауды тегін үйрене алады
OTPANNEWS.KZ. - Маңғыстау облысында балалар мен жасөспірімдерге арналған Bauyr Arena спорт мектебінде хоккей және мәнерлеп сырғанаудан тегін үйірмелер жұмыс істейді. Хоккейге 5 пен 10 жас аралығындағы балалар қабылданса, мәнерлеп сырғанау үйірмесіне 4–7 жас аралығындағы балалар қатыса алады, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы.
Бүгінде хоккей үйірмесінде 40-қа жуық бала жаттығып жүр. Ал мәнерлеп сырғанауға 60-қа жуық бала қатысады. Спорттық жаттығулар аптасына бес күн өткізіледі. Бұл балалардың спорттық дағдыларын жүйелі түрде жетілдіріп, физикалық дайындығын арттыруға мүмкіндік береді.
Маңғыстау облыстық қысқы спорт түрлері бойынша балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің басшысы Алибек Кужбаевтың айтуынша, үйірмеде хоккей, мәнерлеп сырғанау, шорт-трек және керлинг спорт түрлері жұмыс істейді.
- Үйірмеде балалардың жас ерекшелігі, дене дайындығы, спортқа деген ынтасы мен қабілеті ескеріледі. Жаттығу барысында олардың нәтижелері бақыланып, спорттық әлеуеті жоғары балаларға қосымша дайындық ұсынылады. Сонымен қатар, дайындық деңгейіне қарай түрлі жарыстарға қатысуға мүмкіндік беріледі. Бұл болашағынан үміт күттіретін жас спортшыларды анықтап, оларды кәсіби спортқа бағыттауға жол ашады. Балалардың жаттығуына қажетті жағдай жасау арқылы олардың әлеуетін ашып, болашақ чемпиондарды тәрбиелейміз, - деді Алибек Кужбаев.