Жаңаөзендегі жол құрылысы кезінде бірқатар кемшілік анықталды
OTPANNEWS.KZ. - «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК Маңғыстау облыстық филиалы Жаңаөзен қаласының Теңге ауылында автомобиль жолдарын салу жұмыстарының сапасын тексеру барысында бірқатар кемшілікті анықтады.
Атап айтқанда, А. Жұбанов көшесінің ПК 03+00 учаскесінде асфальтбетон жабынының қалыңдығы жобада көзделген 6 см орнына 4 см болған. Сондай-ақ, осы көшедегі 74-үйдің маңында жол жиегінде бойлық жарықтар анықталды.
Сонымен қатар, Қоробайұлы көшесіндегі 53–66-үйлер аралығында жолға шығу кезінде жол-көлік оқиғаларының туындау қаупін арттыратын люктердің талапқа сай орнатылмағаны және бір люктің қақпағы жоқ екені тіркелді. Ал осы көшенің 66-үйі маңында асфальтбетон жабынында каток іздері байқалды.
«Біздің міндетіміз — жол жұмыстарын жүргізу кезіндегі заңбұзушылықтарды анықтап қана қоймай, олардың жойылуын да бақылау. Жол жабынының сенімділігі осыған байланысты болғандықтан жол-құрылыс материалдарының сапасына және нормативтік талаптардың сақталуына ерекше назар аударамыз», — деп атап өтті «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК Маңғыстау облыстық филиалының өкілдері.
Жол активтерінің сапасын бақылау және анықталған кемшіліктердің жойылуын қадағалау жұмыстары жалғасады.