Otpan News Logo

Ақтауда дзюдодан Азия кубогында Олимпиада чемпионы күреседі

|
16.10.2026 16:37
Ақтауда дзюдодан Азия кубогында Олимпиада чемпионы күреседі

OTPANNEWS.KZ. - Ақтауда дзюдодан Тұрар Жолдыбаевты еске алуға арналған Азияның ашық кубогы өтеді. Дәстүрлі турнир қарсаңында Қазақстан дзюдо федерациясы өкілдерінің қатысуымен баспасөз мәслихаты ұйымдастырылып, жарыстың маңызы мен алдағы жоспарлар талқыланды. 


ҚР дзюдо федерациясының бас хатшысы Айбек Имашевтің айтуынша, турнир Халықаралық дзюдо федерациясының күнтізбесіне енгізілген. Биыл татамиге жеті елдің спортшылары шығып, белдесулерге халықаралық дәрежедегі 13 төреші төрелік етеді. 


«Бұл жарыс ұлттық құрама спортшылары үшін тәжірибе жинауға және халықаралық рейтингтік ұпай алуға үлкен мүмкіндік береді. Турнирде жақсы нәтиже көрсеткен дзюдошылардың алдағы халықаралық жарыстарға қатысуына жол ашылады. Сонымен қатар, Азия кубогының Ақтауда өтуі Маңғыстау облысының спорттық әлеуетін танытып, туризмді дамытуға да ықпал етеді», - деді Айбек Имашев. 


Қазақстан құрамасының жаттықтырушысы Ғайнулла Есенғалиев жарыстың ел чемпионатында көзге түскен спортшылар үшін маңызды мүмкіндік екенін атап өтті. Оның сөзінше, бұл додада ұлттық құраманың резервіндегі дзюдошылар да өз мүмкіндіктерін сынап, халықаралық тәжірибе жинайды. 


Турнирдің тағы бір ерекшелігі – ересектер арасындағы бәсекеде 2028 жылғы Олимпиада ойындарына қажетті рейтингтік ұпайлардың сарапқа салынуы болып отыр. Азия кубогында бірінші орын алған спортшыға 100, екінші орынға 70, үшінші орынға 50 ұпай беріледі. Жүлдегерлерге ақшалай сыйақы емес, медальдар мен сертификаттар табысталады. 


Ұйымдастырушылардың мәліметінше, Тұрар Жолдыбаев атындағы турнирдің тарихы 2009 жылдан басталады. Ал 2018 жылдан бастап жарыс Азия кубогы мәртебесіне ие болып, халықаралық күнтізбеге енген. 


Айта кететін жайт, биылғы сында Париж Олимпиадасының чемпионы, өзбекстандық Диера Келдиерова (52 кг) мен Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері, әзірбайжандық Элмар Гасимов (-100 кг) сынға түседі. 


«Сенбі күні Олимпиада чемпионы Диера Келдиерова татамиге шығады. Ол рейтингтегі жоғары тұрғандықтан, ол бірінші кездесуінде айналымда бос. Іріктеудегі екі спортшы қыздың қай жеңгенімен бірде күреседі. Жалпы ол спортшының Ақтау қаласындағы турнирді таңдағаны біз үшін үлкен құрмет. Жас спортшыларымыз Диераның күресін тамашалап, жігерленеді деген ойдамын. Біздің спортшылар үшін де осындай әлемдік деңгейдегі спортшылардың келуі үлкен мотивация. Сонымен бірге, -100 келіде Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері Элмар Гасымов өнер көрсетеді. Одан бөлек әлемдік Гран-при, Гранд Слам жарыстарында өнер көрсететін спортшылардың күресіне куә боламыз», - деді Айбек Имашев. 


Сондай-ақ, баспасөз мәслихатында турнирді болашақта Гран-при деңгейіне көтеру мүмкіндігінің жайы да айтылды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, Ақтауда мұндай халықаралық жарыстарды өткізуге қажетті инфрақұрылым бар. Дегенмен, бұл бастаманы жүзеге асыру үшін федерациялардың қолдауы мен дайындық жұмыстары қажет.

59
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!