Otpan News Logo

Нан күні: Маңғыстау облысы нан өнімдерін тұтыну көрсеткіші бойынша соңғы орында

|
16.10.2026 14:36
Нан күні: Маңғыстау облысы нан өнімдерін тұтыну көрсеткіші бойынша соңғы орында

АҚТАУ. OTPANNEWS.KZ — 16 қазанда Қазақстанда және бүкіл әлемде Нан күні атап өтіледі. Мереке қарсаңында Ұлттық статистика бюросы мен Ауыл шаруашылығы министрлігі нан, ұн және астық өндірісі, тұтынуы мен экспортына қатысты деректерді жариялады. Статистикаға сәйкес, Маңғыстау облысы еліміздегі нан өнімдері мен жарма тұтыну деңгейі ең төмен өңір болып отыр.


Маңғыстау облысы тұтыну көрсеткіші бойынша соңғы орында


Ұлттық статистика бюросының іріктемелі зерттеу нәтижелеріне сәйкес, Маңғыстау облысының тұрғындары айына жан басына шаққанда орта есеппен 7,9 келі нан өнімдері мен жарма тұтынады. Бұл – Қазақстан өңірлері арасындағы ең төмен көрсеткіш.


Салыстырмалы түрде алғанда, нан өнімдері мен жарманы ең көп тұтынатындар – Түркістан облысының тұрғындары. Мұнда бір адамға шаққандағы айлық тұтыну көлемі шамамен 14,1 келіні құрайды.


Жалпы, елімізде нан өнімдері мен жарма азық-түлік шығындарының құрылымында екінші орында тұр. Қазақстандықтардың азық-түлікке жұмсайтын қаражатының шамамен 7,6–8 пайызы осы өнімдерге тиесілі. Бұл көрсеткіш бойынша нан өнімдері еттен кейінгі орында.


Қазақстанның бір тұрғыны айына орта есеппен бірінші сұрыпты бидай ұнынан пісірілген 2,3–2,4 келі нан тұтынады. Ал 2026 жылдың бірінші тоқсанында бұл көрсеткіш үш айда бір адамға шаққанда 6 келіні құрады.


Қазақстанда қанша нан өндіріледі?


2026 жылдың қаңтар-тамыз айлары аралығында Қазақстанда 325,5 мың тонна жаңа піскен нан өндірілген.

Еліміздегі нан зауыттарының өндірістік қуаты жылына 502 мың тоннаға дейін өнім шығаруға мүмкіндік береді. Алайда қазіргі уақытта өндірістік қуаттың небәрі 35,5 пайызы ғана пайдаланылып отыр. Бұл сұраныс артқан жағдайда өндіріс көлемін ұлғайтуға мүмкіндік бар екенін көрсетеді.


Қазақстан ұнға деген ішкі қажеттілігін де толық қамтамасыз етеді. Елдегі ұн өндірісінің көлемі ішкі тұтыну мөлшерінен екі есе жоғары. Сондықтан отандық наубайханалар жергілікті шикізатты пайдаланады.


Қазақстан – астық пен ұнның ірі экспорттаушысы


Еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде астық өндірісі маңызды рөл атқарады. Қазақстанда көпжылдық орташа астық жинау көлемі шамамен 18 миллион тоннаны құрайды. Ал ішкі тұтыну мен өңдеу көлемі шамамен 9,5 миллион тоннаға бағаланады.


Қазақстан бидайды әлемнің 29 еліне экспорттайды. Экспорттан түсетін табыс шамамен 1,6 миллиард АҚШ долларын құрайды.


Қазақстандық бидайдың негізгі сатып алушылары:


• Өзбекстан – экспорттың 51 пайызы;

• Тәжікстан – 16 пайызы;

• Әзербайжан – 8 пайызы.


Осылайша, Қазақстан ішкі нарықты астық және ұн өнімдерімен қамтамасыз етіп қана қоймай, халықаралық нарықтағы экспорттық әлеуетін де сақтап отыр.

51
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!