Азия кубогы: Ақтауда дзюдодан Олимпиада чемпионы өнер көрсетіп жатыр
OTPANNEWS.KZ. - Ақтауда Тұрар Жолдыбаевты еске алуға арналған дзюдодан Азияның ашық кубогы басталды.
Турнирдің алғашқы жарыс күнінде Париж Олимпиадасының чемпионы, Өзбекстан өкілі Диера Келдиерова да татамиге шықты. 52 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсететін танымал дзюдошы екі жылдық үзілістен кейін алғаш рет жарысқа қатысып отыр.
Ол алғашқы белдесуінде қазақстандық Нұрайлым Сәрсенбекпен кездесті. Ширек финалдық белдесуде өзбекстандық спортшы әуелі юко бағасын еншілеп, кейін қарсыласынан айқын басым түсіп, жартылай финалға жолдама алды.
Енді Диера Келдиерова финалға шығу үшін Қазақстан құрамасының тағы бір өкілі Гүлхан Шыңғысханмен белдеседі. Ал финалға шыққан жағдайда кубок иегері атағын Өзбекстан мен Әзербайжан өкілдері арасындағы белдесудің жеңімпазымен сарапқа салады.
Айта кетейік, Диера Келдиерова Париж Олимпиадасында сенсациялық жеңіске жеткен болатын. Ол жарыстың алғашқы белдесуінде Токио Олимпиадасының чемпионы, бірнеше дүркін әлем чемпионатының жеңімпазы, жапониялық Ута Абэні иппон бағасымен жеңіп, дзюдо әлемін таңғалдырған еді.
Дәстүрлі кубок бәсекесіне әлемнің жеті елінен 182 дзюдошы қатысып жатыр. Олардың қатарында Қазақстан ұлттық құрамасының бірнеше өкілі де бар.