Маңғыстауда «Көшбасшылар керуені» жобасы қорытындыланды
Ақтауда қоғамдық кеңес мүшелері мен азаматтық сектор өкілдеріне арналған «Көшбасшылар керуені» атты оқыту тренингінің марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлайды otpannews.kz.
«Көшбасшылар керуені» жобасында 50 қатысушыға бес модуль – қаржылық сауаттылық, құқықтық сауаттылық, коммуникация дағдылары және ораторлық шеберлік, жеке бренд қалыптастыру сияқты оқыту бағдарламасы ұйымдастырылды. Әр модуль бойынша еліміздің әр өңірінен эксперттер сабақ жүргізді.
Бес күндік тренинг нәтижесінде 50 қатысушы сертификатпен марапатталды. Сонымен қатар, топ ішінде үздік шыққан 15 қатысушы Астана қаласына тәжірибе алмасуға барады.
- Жоба Маңғыстау облысында алғаш рет ұйымдастырылды. Оқытуда облыстық және аудандық қоғамдық кеңес мүшелері, азаматтық белсенділер мен үкіметтік емес ұйым өкілдері кәсіби біліктілігін арттыру мақсатында бес модульдік оқыту бағдарламасынан өтті. Қатысушылар бір-бірімен пікір алмасты. Оқыту курсы жоғары деңгейде өтті деген ойдамын, - деді «Маңғыстау облыстық Азаматтық альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті Жібек Ахметова.
Айта кетейік, «Көшбасшылар керуені» жобасы өңірлік ақпарат және қоғамдық даму басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында «Маңғыстау облыстық Азаматтық альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің ұйымдастыруымен жүзеге асты.