Жарнама бөлімі: 
+7 778 145 90 93
Редакция: 
+7 (7292) 20 48 34

«Қазпоштада» газет-журналдарға жазылу науқаны бойынша ашық есік күні өтті

«Қазпоштада» газет-журналдарға жазылу науқаны бойынша ашық есік күні өтті

Ақтаудағы «Қазпошта» бөлімшесінде басылымдарға жазылу науқаны бойынша ашық есік күні ұйымдастырылды. Іс-шарада тұрғындарға республикалық және өңірлік газет-журналдарға тиімді тарифтермен жазылу мүмкіндіктері таныстырылды, деп хабарлайды otpannews.kz.


«Қазпошта» өкілдерінің айтуынша, ашық есік күні газет-журналға жазылу маусымының басталуына және Жазылушылар күніне орай өтті. Шара барысында филиал қызметкерлері атынан ардагерлерге облыстық газеттерге алты айлық тегін жазылым сертификаты табысталды. Сондай-ақ тұрақты оқырмандар мен пошта қызметкерлеріне «Қазпошта» АҚ Маңғыстау облыстық филиалы директорының атынан алғыс хат берілді.


Филиал директоры Нұрболат Ахтаев өз сөзінде баспасөздің қоғамдағы рөліне тоқталды.


Ақпарат ағыны үдеген қазіргі заманда дәстүрлі баспасөз – газет пен журналдың қоғамдағы орны ерекше. Газет тек жергілікті жаңалықтарды жеткізумен шектелмей, ұлттық сананы қалыптастыруға, ой-өрісті дамытуға, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуге үлкен ықпал етеді. Осы орайда біздің негізгі міндетіміз – газетке жазылған шалғайдағы ауыл-аймақ тұрғындарына, жалпы барлық оқырманға басылымды уақытында жеткізу. Бұл – ақпаратқа қолжетімділікті қамтамасыз етудегі басты жауапкершілігіміздің бірі, – деді «Қазпошта» АҚ Маңғыстау облыстық филиалының директоры Нұрболат Ахтаев.


Жиынға қатысқан жазылушылардың бірі баспасөзге деген өз лебізін білдірді.


Барша газет оқырмандарын Жазылушылар күнімен шын жүректен құттықтаймын. Еңбектеріңіз жемісті болып, тілшілердің қаламы әрқашан ұштала берсін. Газет – біз үшін күн сайынғы жаңалықтың да, тәрбиенің де, ой салатын мазмұнның да қайнар көзі. Сол себепті басылымның оқырманы жылдан жылға көбейе берсін деп тілеймін. Өзім де – осы газеттің тұрақты оқырманы ретінде әр санын асыға күтемін, - деді Түгелбай Қожанов.
40
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!