Сапалы жол - экономикалық дамудың негізі
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында еліміздің жол инфрақұрылымының сапасына ерекше назар аударды. Мемлекет басшысы Үкімет көлік министрлігі арқылы республикалық жəне жергілікті жолдарды күтіп ұстау мен дамытуға жауапты болуы керек екенін атап өтті.
- Біздің алдымызда аса маңызды міндет тұр. Барлық автомобиль жолын, яғни республикалық жəне жергілікті жолдарды сапалы салу керек. [...] Сондықтан республикалық жолдар болсын, əкімдіктердің қарамағындағы жергілікті жолдар болсын, барлығына Көлік министрлігі арқылы Үкімет жауап беруі керек. Қайталап айтамын: бізге өте сапалы жолдар қажет. Битумның, қиыршық тастың сапасын сылтау етуге болмайды, – деді Мемлекет басшысы.
Жоғары сапалы жолдар, азаматтардың қауіпсіздігімен қоса, аймақтық даму мен жаңа экономикалық мүмкіндіктердің кең ауқымын қамтамасыз етеді. Жол инфрақұрылымының заман талабына сай болуы жəне күре жолдардың жоғары сапасы мен беріктігін сақтауы өте маңызды талап.
Ел Президенті 2027 жылды ауқымды жалпыхалықтық құрылыс жылы деп жариялады. Құрылыс қарқыны артып, іркіліссіз жұмыстар ірі қалалардан бастап, шалғай елді мекендерге дейін қамтиды. Халықтың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған ауқымды жоба аясында жоғары сапалы жаңа автомобиль жолдарын салу мен жаңғырту жұмыстары жоспарланған. Аталған мақсатта алдағы үш жылда инфрақұрылымды жаңғыртуға 6,5 триллион теңге бағытталады.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейінгі Жолдауларында да жолдардың сапасын жақсарту мен көлік инфрақұрылымын жаңғыртуға ерекше басымдық берген еді. Соңғы жеті жылда бұл бағытта бірқатар маңызды жұмыстар атқарылып, жол сапасын арттыруда оң нəтижелерге қол жеткізілді.
Ерекше екшеп айтар жайт Президент автокөлік жолдарын халықаралық стандарттарға сай жаңғыртудың маңызына тоқталып, бұл Қазақстанның транзиттік əлеуетін арттыруға жəне облыстар арасындағы көлік байланысын жақсартуға мүмкіндік беретінін атап өтті. Ел аумағындағы барлық инфрақұрылымдық жобалардың сапалы əрі уақытылы орындалуын тікелей бақылауда ұстайтынын жеткізді.
Аталған бастамалар Қазақстанның халықаралық көлік-логистика орталығы ретіндегі əлеуетін нығайтып, елдің транзиттік мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған. Жаңа жүйе арқылы жолдардың құрылысы мен жөндеу жұмыстары, пайдаланылған материалдар, зертханалық сынақ нəтижелері, жол бойындағы инфрақұрылым жəне тұрғындардың жолға қатысты өтініштері бір цифрлық базаға жинақталады, Сондай-ақ автомобиль жолдарының сапасын бақылаумен қатар, техникалық құжаттамаларға да сараптама жүргізіледі.
Маңғыстау облысының жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдарының ұзындығы 6 409,8 шақырымды құрайды. Қазіргі уақытта республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын дамыту бағытында бірқатар стратегиялық жоба іске асырылып жатыр. Атап айтқанда, 50 шақырым жолда күрделі жөндеу, 262 шақырым жолда орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп келеді.
Маңғыстау облысында биыл жүргізіліп жатқан жол-жөндеу жұмыстары 87 жол-құрылыс нысанын қамтиды. Жыл басынан бері материалдар мен орындалған жұмыстардың сапасын сараптау бойынша 301 қадағалау жұмысы жүргізілді. Биыл өңірдегі 12 асфальт-бетон зауыты тексерілді.
Сонымен қатар соңғы жылдары жолдарды мониторингтеу, диагностикалау жəне паспорттау саласында цифрлық технологияларды дамыту, тəжірибе алмасу жəне бірлескен жобаларды іске асыру қолға алынып келеді. Жаңа технологияларды енгізу жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру жəне автомобиль жолдарының сапасын жақсарту үшін стратегиялық маңызды қадам ретінде қарастырылады. Ерте диагностика ақауларды қауіпті деңгейге жетпей тұрып жоюға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ ол жол бойындағы инфрақұрылым туралы ақпарат та арнайы жүйеге топтастырылған. Атап айтқанда, жанармай құю станциялары, демалыс орындары, тамақтану орындары мен автотұрақтар туралы мəліметтер Sapar платформасынан алынады.
Жол сапасы мəселесі Мемлекет басшысының тұрақты назарында. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жол инфрақұрылымын дамыту жұмыстарының нақты нəтижесіне баса мəн беру қажеттігін атап өткен болатын. Бұл ретте жол сапасына қойылатын талаптарды күшейту жəне саладағы жауапкершілікті арттыру өзекті міндеттердің бірі болып қала береді.
Адайбек ҚАЛИЕВ,
ҚР КМ АЖК «Жол активтерінің сапасы ұлттық орталығы»
РМК ШЖҚ Маңғыстау облысы бойынша филиалының директоры