Otpan News Logo

Ақтауда азық-түлік нарығындағы баға тұрақтылығын сақтау шаралары талқыланды

|
10.11.2026 18:16
Ақтауда азық-түлік нарығындағы баға тұрақтылығын сақтау шаралары талқыланды

OTPANNEWS.KZ. - Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың төрағалығымен өткен аппараттық жиында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру және өңірдегі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері қаралды. Жиын тікелей эфирде көрсетіліп, тұрғындар өздерін толғандырған сауалдарын жолдауға мүмкіндік алды. Бұл туралы Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.


Облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Пікір Сансызбаевтың мәліметінше, соңғы статистикалық деректер бойынша өңірде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының соңғы апталық баға индексі 99,8%-ды құраған.


-Азық-түлік бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу және тауар құнының қалыптасу тізбегіндегі делдалдық схемаларды анықтау мақсатында жүйелі бақылау жүргізілуде. Жыл басынан бері осы бағыттағы өңірлік комиссияның 44 отырысы өткізіліп, оның 11-і сауда орындары мен кәсіпкерлік нысандарын аралау форматында ұйымдастырылды. Аптаның алғашқы үш күнінде азық-түлік тауарларының бағасына тұрақты мониторинг жүргізіледі, - деді Пікір Сансызбаев.


Басқарма басшысының сөзінше, бақылау және тексеру жұмыстарының нәтижесінде сауда үстемесін асырған, тауар бағасын көрсетпеген және бір тауарды әртүрлі бағамен сатқан кәсіпкерлерге әкімшілік хаттамалар толтырылған.


Бағаны тұрақтандыру мақсатында нарықты отандық өніммен қамтамасыз етуге және әлеуметтік маңызы бар тауарлардың халыққа қолжетімді болуына басымдық берілуде. Жыл басынан бері өңір өндірушілері мен көтерме жеткізушілерді тарта отырып, 231 ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі ұйымдастырылды.


Бұдан бөлек, 340 сауда нысанымен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына белгіленетін сауда үстемесін 15%-дан 10%-ға дейін төмендету жөнінде меморандум жасалды. Барлық елді мекенде 53 «Халық бақылауы» мониторингтік тобы құрылып, дүкен иелеріне заңда белгіленген сауда үстемесінің шекті мөлшерін сақтау бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.


Нарықтағы баға тұрақтылығын қамтамасыз етудің тағы бір тетігі - тұрақтандыру қоры. Қордағы 1 963 тонна азық-түлік өнімі облыс аумағындағы 64 сауда нысанына интервенциялау арқылы жеткізілді. Соңғы үш жылдағы көрсеткіштерге сәйкес, Маңғыстау облысы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының өсу индексі бойынша республика өңірлері арасында тұрақты орын алып келеді.


Жиында облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай азық-түлік бағасының тұрақтылығын сақтау - халықтың тұрмыс сапасына тікелей әсер ететін маңызды мәселе екенін атап өтті. Осыған байланысты жауапты басқармалар мен қала, аудан әкімдіктеріне баға мониторингін күшейтіп, сауда үстемесінің заң талаптарына сай болуын қатаң бақылау, делдалдық схемалардың жолын кесу және тұрақтандыру қорындағы өнімдердің сауда нүктелеріне уақытылы жеткізілуін қамтамасыз ету жөнінде тиісті тапсырмалар берілді.

8
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!