Маңызды стратегиялық қадам
Жаңа Конституция жобасы мен жүзеге асып жатқан саяси реформаларды еліміздің дамуындағы маңызды стратегиялық қадам деп есептеймін. Мемлекет басшысы бастамашылық еткен өзгерістер Қазақстанды әділетті, ашық әрі тиімді басқару жүйесіне бағыттауға негізделген.
Мемлекеттік қызметкер ретінде бұл реформаларды толық қолдаймын. Себебі ұсынылған өзгерістер билік тармақтарының теңгерімін күшейтуге, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды нығайтуға, сондай-ақ қоғам мен мемлекет арасындағы сенімді арттыруға бағытталған. Жастар саясаты саласы тұрғысынан қарағанда, жүргізіліп жатқан реформалар жас буынға жаңа мүмкіндіктер ашады.
Жастардың қоғамдық-саяси өмірге белсенді қатысуы, олардың бастамаларын қолдау, білім мен еңбекке тең қолжетімділік – Мемлекет басшысы айқындап берген басым бағыттардың бірі. Бұл– бәсекеге қабілетті, жауапты әрі отаншыл ұрпақ қалыптастырудың берік негізі. Қазақстан үшін қазіргі кезеңде аса маңызды шешімдер – заң үстемдігін қамтамасыз ету, меритократия қағидаттарын нығайту, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру және азаматтардың ел дамуына қатысуын кеңейту.
Бұл бастамалар елдің тұрақты дамуына және ұлттық бірліктің нығаюына қызмет етеді. Басты мақсат – әділетті, қуатты және болашағына сенімді Қазақстан құру. Осы жолда Мемлекет басшысының саяси бағытын қолдау – баршамыздың ортақ міндетіміз.
Қалампыр ҚОЖАХМЕТҚЫЗЫ,
Маңғыстау облысының жастар саясаты
мәселелері жөніндегі басқарма басшысының орынбасары