Ақтауда тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған жиын өтті
OTPANNEWS.KZ. - Ақтауда «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында құқықтық-профилактикалық керуен өтті. Іс-шара тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыруға, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және азаматтарға құқықтық көмек көрсетуге бағытталды.
Керуен барысында тұрғындарға құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, заң талаптарын сақтау және құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Мамандар азаматтардың сұрақтарына жауап беріп, өзекті мәселелер бойынша кеңес берді.
«Эко Маңғыстау» коммерциялық емес табиғат қорғау мекемесінің жоба менеджері Джавид Алиевтің айтуынша, жиынның негізгі мақсаты – құқықтық көмекті тұрғындарға жақындатып, азаматтардың заңды құқықтары мен мүдделерін қорғау мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу.
- Біздің мақсатымыз – тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттырып, азаматтарға өз құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау жолдарын түсіндіру. «Заң мен тәртіп» және «Адал қоғам» жобалары аясында тұрғындарға арналған ақпараттық материалдар да таратылады. Біз үшін ең маңыздысы – тұрғындардың тек ақпарат алып қана қоймай, оны өз өмірінде қолдана білуі. Сондықтан керуен барысында қойылған сұрақтарға жауап беріп, қажет болған жағдайда қай мекемеге жүгінуге болатынын түсіндіреміз, - деді Джавид Алиев.