Биыл Маңғыстауда 1 106 бейнекамера орнатылады
АҚТАУ. OTPANNEWS.KZ – Маңғыстау облысында жыл басынан бері қабылданған кешенді шаралардың нәтижесінде қылмыс саны 5,7%-ға азайды. Бұл туралы облыс прокуроры Серікқали Күшәлиевтің төрағалығымен өткен Үйлестіру кеңесінің кеңейтілген отырысында айтылды.
Отырыста өңірдегі криминогендік ахуал, құқық бұзушылықтардың алдын алу шараларының тиімділігі және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі ведомствоаралық өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды.
Қоғамдық тәртіпті нығайту мақсатында «Айқын нәтиже» жобасы аясында құқық бұзушылықтар жиі тіркелетін ойын-сауық орындарына қатысты тиісті шаралар қабылданды. Нәтижесінде бірқатар түнгі ойын-сауық нысандарының қызметі уақытша тоқтатылып, кейбіріне күзет қызметі енгізілді. Сондай-ақ оқиғалар жиі болатын кафе-барларға жедел әрекет етуге мүмкіндік беретін «SOS» дабыл түймелері орнатылды.
Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін заманауи технологияларды қолдануға да басымдық беріліп отыр. Криминогендік ахуалы күрделі аумақтарда құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында модульдік полиция пункттерін, яғни «полиция капсулаларын» орналастыру жобасы жүзеге асырылуда.
Биыл облыс аумағында 1 106 жаңа бейнекамера орнатуға келісімшарт жасалған. Қазіргі уақытта 300 бейнекамера жасанды интеллект технологиясымен жұмыс істейді. Жол қауіпсіздігі саласында да оң өзгерістер байқалады. Жол-көлік оқиғаларына байланысты қылмыстар саны 6,7%-ға төмендеген.
«Біздің басты мақсатымыз – жасалған құқық бұзушылықтарға ден қоюмен ғана шектелмей, олардың түпкі себептері мен ықпал ететін жағдайларын алдын ала анықтап, жүйелі түрде жою. Сондықтан профилактикаға, проблемалық учаскелерде нақты шаралар қабылдауға және заманауи цифрлық технологияларды тиімді пайдалануға басымдық береміз», – деді облыс прокуроры.
Іс-шарада «Үздік мектеп», «Қауіпсіз ауыл», «Алкогольсіз ауыл» және «Үздік учаскелік полиция» номинациялары бойынша үздіктер марапатталды.