Otpan News Logo

Құқықтық мемлекет құрудың маңызды жетістігі

|
12.10.2026 10:42
Құқықтық мемлекет құрудың маңызды жетістігі

Конституцияның жаңа преамбуласында адам құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің негізгі басымдығы ретінде алғаш рет жарияланды. Бұл – құқықтық мемлекет құрудың маңызды жетістігі. Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасының жариялануы – бұл кезекті құқықтық түзетулер емес, мемлекеттің өзін-өзі қайта пайымдауының басты кілті. Конституция – қоғамның саяси мәдениеті мен құқықтық санасының және тарихи тәжірибесінің айнасы. Мемлекеттік құжатқа басқару, әкімшілік тұрғыдан қарамай әлеуметтік, философиялық және саяси контекст мәніне тереңінен зер салу орынды.


Жаңа Конституция жобасы Қазақстанда соңғы жылдары жүріп жатқан терең трансформациялық процестердің логикалық жалғасы, мемлекетіміздің болашақ қадамдарының жоспары деп қабылдау керек. Осы трансформацияның өзегі – мемлекет пен қоғам арасындағы қатынасты қайта құру, билік пен халық арасындағы сенімнің жаңа моделі ретінде мойындалуы тиіс. Жаңа Конституция мәтініндегі ең маңызды құндылық – адам құқықтары мен бостандықтарының сипаттамасы.


Парламенттік жүйені қайта қарау туралы ұсыныстағы бірпалаталы заң шығарушы органға көшу басқаруды жеңілдетуге арналмаған. Осы ұсыныстардың астарында заң шығару процесін қоғамға барынша жақындату, саяси жауапкершілікті күшейту ниетіне бағытталған. Озық елдердің тәжірибесіне сүйене отырып, жаңа Конституцияның жаңа моделі Қазақстанның саяси мәдениетіне бейімделген шешімнің жаңа тұғыры деп бағалануға лайықты. Жаңа Конституция жобасының маңызды ерекшелігі – халықты алғашқы орынға шығарып, оның мүддесін қорғауы мазмұндық жағынан тереңдетіліп отыр. Халық тек сайлау кезінде ғана емес, жалпыұлттық шешімдер қабылдау процесінде де негізгі субъект ретінде танылады. Референдум институтының күшеюі – осының айғағы. Демократиялық теория тұрғысынан бұл қадам биліктің легитимділігін арттырып қана қоймай, азаматтық жауапкершілікті де күшейтеді.


Конституцияда құқықтық кепілдіктердің күшеюімен қатар, әлеуметтік және гуманитарлық өлшемнің кеңеюі басты орынға ие. Жобаның барлық баптарында білім, ғылым, мәдениет, цифрлық кеңістіктегі құқықтар сияқты мәселелердің конституциялық деңгейде қарастырылуы мемлекеттің ұзақ мерзімді даму стратегиясын көрсетеді. Жаңа Конституцияда адам капиталы алдыңғы даму моделі ретінде басты назарға алынған.


Жаңа Конституция жобасын қолдау – нақты бір саяси шешімді қолдау емес, құқықтық мемлекетке ұмтылу идеясын қолдау деп түсінемін. Бұл құжат – Қазақстан қоғамының кемелденуінің, азаматтық сананың өсуінің және жауапты мемлекетті қалыптастыру жолындағы маңызды қадамдардың бірі. Бұл жобаны саяси тұрғыдан негізделген, тарихи сабақтастықты сақтай отырып, болашаққа бағдарланған маңызды қадам деп бағалаймын.


Киікбай ЕШМАНОВ,

«ҚМГ Инжиниринг» ЖШС «ҚазмұнайгазҒЗЖИ» басқарма бастығы,

Маңғыстау облысы мәслихатының

VIII шақырылым депутаты

54
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!