Ақтауда өткен жүгіру марафонына 9 елден қатысты
OTPANNEWS.KZ. - Ақтауда өткен Caspian Marathon 2026 марафонына 9 елдің 51 қаласы мен елді мекенінен 1769 адам тіркелді. Спорттық іс-шара әуесқой желаяқтар мен кәсіби спортшыларды бір алаңға жинап, салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталды, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы.
Биылғы марафонға Қазақстан, Ресей, Ұлыбритания, Қырғызстан, Қытай, Аустралия, Нидерланд, Индонезия және Франциядан қатысушылар келді.
Қатысушылардың басым бөлігі - Ақтау қаласының тұрғындары. Олардың саны 1445 адамды құрады. Сонымен қатар жарысқа Атырау, Ақтөбе, Астана, Жаңаөзен, Алматы, Орал, Бейнеу және өзге де елді мекендерден жүгірушілер жиналды. Оның ішінде 1004 ер адам мен 765 қыз-келіншек тіркелген.
Caspian Marathon халық арасында дене белсенділігін арттыруға, жүгіру мәдениетін дамытуға және салауатты өмір салтының маңызын кеңінен насихаттауға ықпал етеді.Ұйымдастырушылар марафонның жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан барлық қатысушыларға, еріктілерге, серіктестерге, мемлекеттік органдар мен қызмет өкілдеріне алғыс білдірді.
Алдағы уақытта марафонның ауқымын кеңейту, іс-шараны ұйымдастыру сапасын арттыру және жүгіру әуесқойларына жаңа мүмкіндіктер ұсыну бағытындағы жұмыстар жалғасады.
- Caspian Marathon жүгіру марафонының жыл сайын түрлі қалалар мен елдерден келген адамдарды біріктіріп келе жатқанына қуаныштымыз. Біздің мақсатымыз - жарысты жоғары деңгейде өткізумен қатар көпшілікті спортпен тұрақты айналысуға ынталандыру. Алдағы уақытта марафонды одан әрі дамытып, баршаңызды Ақтауда өтетін келесі жарыста қуана қарсы аламыз, - деді ұйымдастырушылар.