Otpan News Logo

Маңғыстаулықтар сайлауда белсенділік танытты: Есте қалған ерекше сәттер

|
29.11.2026 19:54
Маңғыстаулықтар сайлауда белсенділік танытты: Есте қалған ерекше сәттер

Бүгін, 29 қараша күні Маңғыстау облысында мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы өтті. 


Таңертеңнен бастап өңір тұрғындары сайлау учаскелеріне ағылып, өз таңдауларын жасады. Саяси науқан барысында облыстың әр ауданында есте қаларлық ерекше сәттер тіркелді. 


Атап айтқанда:


Ауыл үлкендері мен жас басшы: Ақшұқыр ауылындағы №232 сайлау учаскесіне «Асыл әжелер» ансамблінің мүшелері ұйымшылдықпен келіп, дауыс берді. Ал Маңғыстау ауданындағы Сайөтес ауылында ауданның ең жас әкімі Дастан Тұрашев өз таңдауын жасап, науқанның өңір үшін маңыздылығын атап өтті.


Маңғыстауда өндіріс орындарында еңбек етіп жүрген мұнайшылар да сайлауда белсенділік танытып, арнайы ұйымдастырылған сайлау учаскелерінде өз таңдауларын жасады.


Ерекше есім иелері: Сайлау күні есімдері ерекше үндескен азаматтар көпшілік назарын аударды. Ақжігіт ауылының 1974 жылы туған тұрғыны Ақжігіт Избасаров туған ауылымен аттас болса, Бейнеу ауданының тұрғыны Сайлау Байбатыров пен Онды ауылының тұрғыны Сайлаугүл Сүйірбаеваның есімдері дауыс беру күнімен жарасымды үйлесті.


Спорт жұлдыздары дауыс берді: Ақжігіт ауылындағы учаскеде қазақ күресінен әлем чемпионы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, «Қазақстан Барысы» турнирінің күміс жүлдегері әрі «Дала қыраны» титулының иегері Нұрдәулет Жарылғапов азаматтық міндетін орындады. Сондай-ақ, дзюдодан Қазақстан чемпионы Гүлдана Тенелбаева татамидегі жеңістерінен кейін қоғамдық өмірде де белсенділік танытып, Жаңаөзендегі №98 сайлау учаскесінде өз таңдауын жасады.


Ақтаудағы тегін қоғамдық көлік пен ұлттық ойындар: Облыс орталығында сайлаушыларға қолайлы жағдай жасау үшін қалаішілік автобустар жолаушыларды тегін тасымалдады. Сонымен қатар бірқатар учаскелерде асық ату, тоғызқұмалақ, ләңгі тебу және арқан тартыстан сайыстар ұйымдастырылып, тұрғындарға мерекелік көңіл күй сыйлады.


Жаңа босанған аналардың белсенділігі: Маңғыстау облыстық «Ана мен бала» орталығында емделуші әйелдер мен жас аналарға дауыс беруге толық жағдай жасалды. Дәл осы күні сәбиін дүниеге әкеліп, көпбалалы ана атанған Камила Жаңғақбаева да өз таңдауын жасады.


Учаскеге роботпен келген өнертапқыш: Студент Диас Исенаманов өзі құрастырған роботын ертіп келіп, көпшілікті таңғалдырды. Жас өнертапқыштың бұл қадамы заманауи технология мен азаматтық белсенділіктің ұштасқанын көрсетті.


Қыстаудағы шаруа да сайлаудан қалыс қалмады! «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Бауыржан Сейдахметовке арнайы жүрмелі жәшік жеткізіліп, ол мал шаруашылығымен айналысып отырған жерінен өз таңдауын жасады.


Осылайша, Маңғыстау жұртшылығы маңызды қоғамдық-саяси науқанға белсене қатысып, ел болашағына деген жауапкершіліктерін танытты.

65
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!