Маңғыстаулық теміржолшылар референдумға барады
Өңірлік коалиция мүшелері Орынбасар Тоқжанов, Киікбай Ешманов, Сембіғали Зәкенов, Ғазиза Тәжібаева мен Болат Дюсалиев Мұнайлы ауданында теміржол саласының қызметкерлері және ардагерлерімен кездесіп, жаңа Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен алдағы референдумның маңызын түсіндірді, деп хабарлайды otpannews.kz.
Жиын барысында спикерлер жаңа Конституция жобасына енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың мән-маңызы түсіндірді. Әсіресе, әлеуметтік әділеттілік қағидатын нығайту, мемлекеттік басқарудағы ашықтық пен есептілікті арттыру, еңбек адамдарының құқықтарын қорғау бағытындағы нормаларға назар аударды.
Аз айтсақ та, көп айтсақ та, жаңашылдықтан қашпауымыз керек. Бұл референдум алдағы уақытта өзінің қажеттілігін дәлелдейді. Заңға енгізілетін өзгерістер халықтың тұрмысын жақсартуға бағытталған. Елдің таңдауы әрдайым маңызды. Сондықтан баршаңызды 15 наурызда өтетін референдумға қатысуға шақырамыз, – деді Киікбай Ешманов.
Коалиция өкілдері референдум арқылы қабылданатын өзгерістердің ұзақ мерзімді даму үдерісіне оң әсер ететінін атап өтті.
Теміржол саласында 45 жыл еңбек еткен ардагер Үсен Имашев те өз пікірін білдірді.
Бұрынғы Конституция қабылданатын кезде қатысқан азаматпын. Ол уақытта заң жобасы қазіргідей кең талқыланған жоқ. Бүгінде халықтың пікірі ескеріліп, бірлескен шешім қабылданғалы отыр. «Елу жылда ел жаңа» дейді. Жаһандану үдерісі өте қарқынды. Біз заман ағымынан қалып қоймауымыз керек. 10 мыңнан астам азаматтан ұсыныс түскенін естіп отырмыз. Соған сәйкес өзгерістер енгізілуде. Мен мұны құптаймын. Заңның жаңаруы – уақыт талабы. 15 наурызда өтетін референдумнан қалыс қалмай, өз таңдауымызды жасаймыз. Бұл – біздің азаматтық парызымыз, – деді Үсен Имашев.