Ақтауда 124 млн теңгені даулағандар сот кезінде татуласты
OTPANNEWS.KZ. - Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотында қомақты қаражат бойынша іс қаралды.
Белгілі болған жағдайда бойынша, «Қ» АҚ-ның жеке кәсіпкер С.-ға және «А» ЖШС-не кепіл мүлкін сату арқылы берешекті өндіріп алу туралы талап қоюы бойынша азаматтық іске нүкте қойылды.
Мұндай талап қоюға 2021-2022 жылдары жасалған банктік қарыз шарттары бойынша міндеттемелердің тиісінше орындалмауы негіз болып отыр. Сотқа жүгінуші тарап 124 920 918,29 теңге берешекті өндіріп алуды және кепілге қойылған жылжымайтын мүлікке өндіріп алуды қолдануды сұраған көрінеді.
«Істі қарау барысында тараптар өзара келісімге келіп, 2026 жылғы 2 қазанда татуласу келісімін жасасты. Татуласу келісімінің шарттарына сәйкес жеке кәсіпкер С. банк алдындағы 124 920 918,29 теңге берешегін мойындап, оны 2026 жылғы 1 желтоқсанға дейін толық өтеуге міндеттенді. «А» ЖШС бірлескен қарыз алушы ретінде 48 821 216,39 теңге мөлшеріндегі міндеттемесін мойындады. Келісім орындалмаған жағдайда банк кепілге қойылған жылжымайтын мүлікке, атап айтқанда мейрамханаға, тұрғын үйге және өндірістік базаға өндіріп алуды қолдану үшін атқару парағын беру туралы сотқа жүгінуге құқылы», - деп жазылған сот хабарламасында.
Сот татуласу келісімінің заң талаптарына қайшы келмейтінін және үшінші тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзбайтынын анықтады.13 қазандағы сот ұйғарымымен тараптар арасындағы татуласу келісімі бекітіліп, азаматтық іс бойынша іс жүргізу тоқтатылған. Сондай-ақ талап қоюшыға төленген мемлекеттік баж сомаларын қайтару ұйғарылып отыр.
Айта кететін жайт, әзірге соттың бұл ұйғарымы заңды күшіне енген жоқ.