Маңғыстаудағы жаңа көкөніс қоймалары өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға ықпал етеді
Қазақстанда ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтауға арналған инфрақұрылымды дамыту бойынша ауқымды жұмыс аяқталды. Жаңа көкөніс қоймаларының салынуы және қолданыстағы нысандардың жаңғыртылуы нәтижесінде елдегі сақтау қуаты қажетті деңгейге жетті. Сақтау көлемін ұлғайтқан өңірлердің қатарында Маңғыстау облысы да бар, деп хабарлайды Otpannews.kz сайты Kazinform агенттігіне сілтеме жасап.
Елімізде сақтау инфрақұрылымын дамыту бағдарламасы аясында жалпы сыйымдылығы 946,4 мың тонна болатын 132 жаңа жеміс-көкөніс қоймасы пайдалануға берілді. Бұл көрсеткіш бастапқы жоспардан асып түсті.
Тек 2025 жылдың өзінде жоспарланған 236,3 мың тоннаның орнына 286,7 мың тонна жаңа сақтау қуаты іске қосылып, жоспар 121 пайызға орындалды.
Ауыл шаруашылығы негізгі сала болып саналмайтын Маңғыстау облысы енгізілген сақтау қуаты бойынша республикада жетінші орынға тұрақтады. Өңірде қосымша 105,5 мың тонна өнім сақтауға мүмкіндік беретін қуат іске қосылды.
Заманауи қойма инфрақұрылымын дамытудың маңыздылығы әсіресе пандемия кезінде айқын байқалды. Сол кезеңде халықаралық сауда мен логистикадағы іркілістер халықты азық-түлікпен тұрақты қамтамасыз етуге қауіп төндірді.
Бұған дейін көкөніс қоймаларының жеткіліксіздігі мен тозуына байланысты Қазақстанда жыл сайын жиналған өнімнің 40 пайызға дейінгі бөлігі, яғни шамамен 3,5 миллион тонна ауыл шаруашылығы өнімі ысырап болатын. Елде жыл сайын 8 миллион тоннадан астам көкөніс пен картоп өндірілгенімен, сақтау қоймаларының жалпы сыйымдылығы небәрі 1,7 миллион тоннаны ғана құрады. Бұл өз кезегінде маусымаралық кезеңде бағаның өсуіне және шаруалардың шығынға ұшырауына себеп болды.
Осы мәселені шешу мақсатында қолданыстағы қоймаларға түгендеу жүргізіліп, 2021–2025 жылдарға арналған көкөніс қоймаларын салу және жаңғырту жөніндегі кешенді жоспар бекітілді.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, бүгінде Қазақстанда жалпы сыйымдылығы 2,557 миллион тонна болатын 942 жеміс-көкөніс қоймасы жұмыс істейді. Ең ірі сақтау қуаттары Павлодар, Жамбыл, Қарағанды, Түркістан және Алматы облыстарында орналасқан.
Министрлік өкілдерінің айтуынша, маусымаралық кезеңде ішкі нарықты жеміс-көкөніс өнімдерімен үздіксіз қамтамасыз ету үшін елге шамамен 2,5 миллион тонна сақтау қуаты қажет. Осылайша, қазіргі инфрақұрылым бұл қажеттілікті толық қамтамасыз етеді.
Заманауи көкөніс қоймаларын дамыту өнім шығынын азайтуға, азық-түлік бағасын тұрақтандыруға және еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға мүмкіндік береді.