Маңғыстауда өңірлік IT қауымдастықты біріктірген «IT Open Air» іс-шарасы өтті
Ақтауда өңірдің IT қауымдастығын дамытуға және біріктіруге бағытталған «IT Open Air» іс-шарасы өтті. Іс-шараға дизайнерлер, стартаперлер, студенттер, жас мамандар және технологияларға қызығушылық танытқан 100-ден астам адам қатысты, деп хабарлайды otpannews.kz.
Маңғыстау облыстық цифрлық технологиялар басқармасының қолдауымен «Mangystau Hub»ұйымдастырған «IT Open Air-дың» басты мақсаты өңірдегі IT қауымдастық арасында еркін қарым-қатынас орнатуға, тәжірибе алмасуға және кәсіби байланыстарды нығайтуға мүмкіндік беретін бейресми орта қалыптастыру. Қатысушылар идеяларымен бөлісіп, болашақтағы бірлескен жобаларға негіз болатын байланыстар құрды.
Іс-шара бағдарламасы аясында networking сессиялары, интерактивті ойындар, IT-викторина, командалық белсенділіктер және қатысушылардың еркін қарым-қатынас жасауына мүмкіндік беретін түрлі форматта ұйымдастырылды. Сонымен қатар, қонақтарға фуршет ұсынылып, ашық аспан астындағы ерекше атмосфера қалыптасты.
-«IT Open Air» өңірдегі түрлі IT бағыттарының өкілдерін бір ортаға жинап, цифрлық технологиялардың даму үрдістерін, өңірлік ынтымақтастық мүмкіндіктерін және жаңа идеяларды талқылауға арналған маңызды алаңға айналды. Осындай бастамалар Маңғыстау облысында IT қауымдастығын нығайтуға, технологиялық экожүйені дамытуға және жаңа инновациялық жобалардың қалыптасуына ықпал етеді, - дейді ұйымдастырушылар.