Otpan News Logo

Ел бойынша 69 бала суға батып кеткен: ІІМ ата-аналарға үндеу жасады

Ел бойынша 69 бала суға батып кеткен: ІІМ ата-аналарға үндеу жасады

Ішкі істер министрлігі қазақстандық ата-аналарға су айдындарында демалу кезінде балаларды қатаң бақылауда ұстауға шақырды. Ведомствоның мәліметінше, шомылу маусымы басталғалы еліміздегі су айдындарында 69 бала суға батып көз жұмған, деп хабарлайды Otpannews.kz сайты Kazpravda.kz-ке сілтеме жасап.


«Құрметті ата-аналар! «Заң және Тәртіп» қағидатын іске асыру аясында жазатайым оқиғаларға талдау жүргізілді. Ерекше алаңдаушылық тудырып отырған мәселе – су айдындарында балалардың қаза болуы. Шомылу маусымы басталғалы бері елімізде 69 бала суға батып кетті.
Қайғылы оқиғалардың басым бөлігі шомылуға арналмаған, арнайы жабдықталмаған орындарда тіркелуде. Көп жағдайда балалар түбі тексерілмеген, су иірімдері мен ағысы қатты болатын жабайы жағажайларда шомылады.
Сонымен қатар, ересектердің демалыс кезінде алкогольдік ішімдік ішуі салдарынан балалар қараусыз қалып, қайғылы жағдайларға тап болады. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, тыйым салынған жерлерде шомылғаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 364-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілік көзделген. Жыл басынан бері осы құқық бұзушылық үшін 2 700-ден астам адам жауапқа тартылды», – делінген министрлік үндеуінде.


ІІМ азаматтарды судағы қарапайым қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырды. Атап айтқанда:

• арнайы жабдықталмаған орындарда шомылмау; 

• су айдындары маңында демалған кезде балаларды бір сәтке де қараусыз қалдырмау; 

• балаларға бейтаныс жерде шомылудың қауіпті екенін түсіндіру. Өйткені мұндай жерлерде қатты ағыс, су астындағы тастар, қоқыс немесе су иірімдері болуы мүмкін. 


Сондай-ақ министрлік аптап ыстықта суық суға түсу денсаулыққа қауіпті екенін ескертті. Себебі температураның күрт өзгеруі қан тамырларының түйілуіне және аяқ-қолдың тартылып қалуына (құрысуға) әкелуі мүмкін.

49
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!