Otpan News Logo

«Ауыл үшін – өзің үшін»: Жетібай тұрғындары «Таза ауыл» жобасын қолға алды

|
16.07.2026 12:02
«Ауыл үшін – өзің үшін»: Жетібай тұрғындары «Таза ауыл» жобасын қолға алды

Маңғыстау облысындағы Жетібай ауылының тұрғындары «Таза Қазақстан» бастамасын қолдап, «Ауыл үшін – өзің үшін» ұранымен тың экологиялық жоба бастады. Бұл бастама тек тазалықты сақтауды ғана емес, әр азаматтың туған жеріне деген жауапкершілігін арттырып, ортақ мәдениетті қалыптастыруды көздейді, деп хабарлайды otpannews.kz сайты.


Қарақия ауданындағы Жетібай ауылының тұрғындары экологиялық мәдениетті қалыптастырудың жарқын үлгісін көрсетуде. Белсенді азаматтардың бастамасымен қолға алынған «Таза ауыл» жобасы аз уақыттың ішінде ауқымды қоғамдық қозғалысқа айналды.


«Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аясында іске қосылған бұл жобаның басты авторы – ауыл тұрғыны Бақытжан Кенжебаев. Ол ауылдың көркі мен тазалығы әр тұрғынның жауапкершілігіне тікелей байланысты екенін алға тартады.


- «Таза аула» жобасы туралы әлеуметтік желілерден жиі көріп жүрдім. Алғашында «жақсы бастама екен» деген ой ғана болды. Бірақ кейін осы істі өз ауылымызда қолға алсақ, ауылдың келбетін өзгертуге үлкен мүмкіндік болатынын түсіндім. Сол ой маған түрткі болды. Түпкі мақсатым – өзім туып-өскен Жетібай ауылының көркеюіне үлес қосу, – дейді Бақытжан Кенжебаев.


Бұл бастама аясында ауылдағы әр отбасы өз үйінің қоршауын сырлап, әктеуі және іргесін тазалауы тиіс. Қатысушылар атқарылған жұмыс бойынша фотоесеп жолдап отыруы қажет. Ауыл тұрғындарының айтуынша, бұл жұмыстарды 2026 жылдың соңына дейін толық аяқтау жоспарланған.


Қазіргі таңда жобаға 70-тен астам адам қосылып, ауылдың эстетикалық келбетін өзгертуге үлес қосуда. Ұйымдастырушылар жыл соңында әкімдікпен бірлесіп, ең белсенді тұрғындарды марапаттауды көздеп отыр.


«Тазалық – әр адамның ішкі мәдениетінің айнасы. Біз ешкімді мәжбүрлемейміз, барлығы азаматтардың өз еркімен, туған жерге деген сүйіспеншілігімен атқарылуда», – дейді Бақытжан Кенжебаев.


Жетібайлықтардың бұл бастамасы – мемлекеттік деңгейдегі маңызды тұжырымдаманың қарапайым әрі тиімді іске асуының айқын дәлелі. Мұндай шағын істер келешекте тұтас ауылдың, тіпті аймақтың ажарын ашары сөзсіз.

99
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!