Маңғыстауда прокуратура араласқаннан кейін жұмысшыларға 29 млн теңге көлеміндегі жалақы берешегі өтелді
Қарақия ауданының прокуратурасы еңбек заңнамасының сақталуына талдау жүргізді. Талдауда «Тұрмыс-Сервис» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының 165 жұмыскерге жалақыны уақытылы төлемегені анықталды, деп хабарлайды otpannews.kz.
Маңғыстау облысы прокуратурасының мәліметінше, прокурорлық қадағалау актісі бойынша жұмыскерлердің бұзылған құқығы қалпына келтіріліп, оларға жалпы сомасы 29 млн теңге көлеміндегі жалақы берешегі өтелді.
Сонымен қатар еңбек заңнамасында белгіленген мерзімде жалақыны төлемегені үшін кәсіпорын Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 87-бабының 1-бөлігіне сәйкес әкімшілік жауаптылыққа тартылып, әкімшілік айыппұл салынды.
Прокуратура Еңбек кодексінің 113 бабына сәйкес жалақы айына кемінде бір рет, келесі айдың бірінші онкүндігінен кешіктірілмей төленуге тиіс екенін және азаматтардың еңбек құқығын қорғау мәселелері тұрақты бақылауда екенін атады.