Маңғыстауда төрт адамның өмірін қиған жол-көлік оқиғасы бойынша сот үкімі шықты
Маңғыстау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында жол-көлік оқиғасы салдарынан төрт адамның қаза болуына айыпталған азамат Ж.-ға қатысты іс қаралды, деп хабарлайды Otpannews.kz сайты.
Үкім ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабының 4-бөлігіне (Көлік құралын басқаратын адамның жол жүрісі немесе көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы, абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соғуы) сәйкес шығарылды.
Ағымдағы жылдың маусым айының басында сотталушы Ж. «Toyota Camry» автокөлігімен «Ақтау-Бейнеу» тасжолында келе жатқан. Автожолдың 424/362 шақырымында ол жол жүрісі қағидаларының талаптарын бұзып, жылдамдықты қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ететін деңгейге дейін төмендетпеген және туындаған қауіптің алдын алу үшін қажетті шараларды қолданбаған. Салдарынан азамат Б.-ның басқаруындағы дәл сол бағытта бара жатқан «КамАЗ» жүк көлігімен соқтығысқан.
Жол апатының салдарынан жеңіл автокөліктегі төрт жолаушысы алған ауыр жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды.
Сотталушының кінәсі оның өз жауаптарымен, тергеу әрекеттерінің хаттамаларымен, сот сараптамаларының қорытындыларымен және қылмыстық істің басқа да материалдарымен толық дәлелденді. Сот отырыстары барысында мемлекеттік айыптаушы сотталушыға 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.
Сот мына жағдайларды ескерді:
• Сотталушы кінәсін толық мойындап, өкінді және қаза тапқандардың жақындарынан кешірім сұрады.
• Жәбірленуші тарап сотталушыға ешқандай талап-арыз қойған жоқ, оны кешіріп, жеңілдеу жаза тағайындауды өтінді.
• Сотталушының II топтағы мүгедектігі бар және жәбірленушілер тарапынан материалдық немесе моральдық талаптардың жоқтығы жеңілдетуші мән-жайлар деп танылды.
• Іс бойынша ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.
Нәтижесінде: сот үкімімен азамат Ж. ҚР ҚК-нің 345-бабы 4-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, оған көлік құралын басқару құқығынан 7 жылға айырып, 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Үкім заңды күшіне енді.