Алматыдағы «пакет үшін айыппұл» туралы ақпарат жалған болып шықты
Қаралым жинау мақсатында әлеуметтік желілерде кейбір оқиғалар қарапайым деректерді тексеруден өтпей жатып, вирустық сипат алып үлгереді.
14 шілдеде әлеуметтік желіде Алматы тұрғынына көліктің алдыңғы орындығында тұрған пакет үшін айыппұл салынғаны туралы ақпарат тарады. Жарияланымда бейнебақылау камерасы пакетті қауіпсіздік белдігін тақпаған жолаушы ретінде тіркегені айтылады. Бұл ақпартты қалалық пабликтер мен БАҚ бірден іліп әкетті.
Алайда Алматы қаласының ПД бұл мәліметтің шындыққа сәйкес келмейтінін мәлімдеді. Айыппұл жүргізушінің қауіпсіздік белдігін тақпағаны үшін салынған, ал пакеттің тіркелген құқық бұзушылыққа қатысы жоқ.
Бұл жағдай контекстен бөлініп алынған бір ғана фотосуреттің шулы, бірақ шындыққа сәйкес келмейтін ақпаратқа айналуы мүмкін екенін көрсетті.
Орталық блогерлерді, паблик әкімшілерін және желі пайдаланушыларын ақпаратты жарияламас бұрын оны ресми дереккөздер арқылы міндетті түрде тексеруге шақырады. Бұл аудитория сенімін сақтап қана қоймай, жалған ақпарат таратқаны үшін заңнамалық жауапкершілікке тартылудың алдын алуға көмектеседі.