Каспий теңізінде суға кеткен жасөспірімнің мәйіті табылды
Маңғыстау облысында Каспий теңізінің жабдықталмаған учаскесінде суға шомылу кезінде жоғалып кеткен 2008 жылғы жасөспірімді іздестіру-құтқару жұмыстары аяқталды, деп хабарлайды otpannews.kz сайты.
Құтқарушылар бірнеше тәулік бойы күшейтілген режимде жұмыс істеді. Іздестіру шараларына Төтенше жағдайлар департаментінің жеке құрамы, жедел-құтқару жасағы мен апаттар медицинасы орталығының қызметкерлерінен бөлек, Әскери-теңіз күштерінің сүңгуірлері де жұмылдырылды. Су түбіндегі күшті ағыс пен қатты толқын жұмысты айтарлықтай қиындатқанына қарамастан, теңіз акваториясы мен қол жеткізу қиын жартасты аймақтар әуеден ұшқышсыз ұшу аппараттарының (дрондардың) көмегімен үздіксіз бақыланды.
Бүгін Ақтау қаласынан 51 шақырым жерде (суға кеткен орын - «Omir Glamping» демалыс аймағының маңы) ТЖМ қызметкерлері жағалау сызығынан 10 метр қашықтықта су астынан жасөспірімнің мәйітін тауып, жағаға шығарды. Марқұмның денесі сот-медициналық сараптама тағайындау үшін полиция қызметкерлеріне тапсырылды.