«Көзқарасты өзгертетін мамандық»: Ақтаулық филолог SMM саласынан өз орнын қалай тапты?
Қазақстанның еңбек нарығы қарқынды өзгеріп, цифрлық мамандықтарға сұраныс артып келеді. Соның ішінде бүгінде ең көп сұранысқа ие кәсіптердің бірі – SMM менеджері. Гуманитарлық білімді болашақтың кәсібіне қалай айналдыруға болады және неге кез келген бренд цифрлық кеңістікте болуы керек? Бұл туралы Otpannews.kz сайтына SMM маманы Ақырыс Бисенова айтып берді.
Ақырыс Бисенова – икемді ойлау мен үздіксіз ізденістің жаңа мансаптық мүмкіндіктерге жол ашатынын дәлелдеген жан. Ол еңбек жолын 2024 жылы Yessenov University-дің филология факультетін тәмамдаған соң «Маңғыстау-Медиа» медиахолдингінде облыстық «Маңғыстау» газетіне корректор болып бастады. Алайда көп ұзамай өзін басқа қырынан сынап көргісі келетінін түсінген. Медиахолдингтің ақпараттық сайтына мобилографтар мен SMM мамандарын жұмысқа қабылдай бастағанда, ол бұл мүмкіндікті жібермей, жаңа бағытқа бет бұрды.
Оның айтуынша, қазіргі SMM маманының жан-жақты білімі болуы қажет. Бұл салада журналистің, маркетологтың, дизайнердің және аналитиктің қабілеті қатар қажет болады.
«Бұл жұмыс контент жасауды, бейнетүсірілім мен монтажды, аудиториямен байланысты және жарнаманы қатар қамтиды. Ол үнемі ізденуге, жаңа тақырыптарды зерттеуге, ақпаратты өзгеше ұсынудың жолдарын табуға мүмкіндік береді. Бір сөзбен айтқанда, дүниеге басқа көзқараспен қарауға үйретеді», – дейді маман.
Бүгінде цифрлық кеңістікте белсенді болу – бизнесті дамыту мен ауқымын кеңейтудің маңызды тетігіне айналды. Сондықтан компаниялар өз брендін интернетте дамытуға ерекше көңіл бөледі. Ал брендті, өнімді немесе қызметті тиімді насихаттай алатын SMM мамандары кез келген бизнестің маңызды бөлігіне айналып отыр. Олардың басты міндеті – тек «лайк» жинау емес, әлеуметтік желідегі жазылушыларды нақты тұтынушыға айналдыру.
Ақырыстың айтуынша, оған жұмыстың барлық кезеңі қызық. Атап айтқанда, стратегия әзірлеу, мақсатты аудиторияны зерттеу, бейнероликтер мен стористер дайындау, сондай-ақ оқырмандармен байланыс орнату ерекше ұнайды.
Ол кәсіби білімінің басым бөлігін тәжірибе барысында меңгерген. Сонымен қатар SMM және мобилография бағытындағы арнайы курстардан өткен. Алдағы уақытта таргеттелген жарнама, аналитика, цифрлық маркетинг құралдары мен аудиторияның белсенділігін арттыру тәсілдерін тереңірек игеруді жоспарлап отыр.
Ақырыс үшін мансабындағы ең жауапты әрі есте қалған кезең – Ақтаудың Түркі әлемінің мәдени астанасы мәртебесін алған уақыт. Халықаралық іс-шаралардың көптігі, шетелдік қонақтардың ағылуы және жаңалықтарды жедел жариялау қажеттілігі оның кәсіби шыңдалуына үлкен әсер еткен.
«Бұл біз үшін үлкен сынақ болды. Адам өз ісін шын сүйсе, уақытпен санаспайды дейді ғой. Біз оқиғалардың қақ ортасында жүрдік. Сол кезеңнен кейін бұрынғыдан да тәжірибелі, тәртіпті әрі кәсіби маман болып шықтық», – дейді ол.
Ақырыс Бисенованың еңбек жолы цифрландыру дәуірінде дипломмен ғана шектелмей, жаңа бағыттарды игеруден қорықпау керек екенін көрсетеді. Қазақстанда SMM саласы қарқынды дамып келеді. Бұл бағыт үздіксіз білім алып, тәжірибе жинауға, шығармашылық қабілет пен білімді тиімді цифрлық ілгерілетуге ұштастыруға дайын жастар үшін мол мүмкіндік ұсынады.