Otpan News Logo

Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы төмендеуде

|
10.07.2026 16:06
Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы төмендеуде

2026 жылғы 8 шілдедегі жағдай бойынша есепті аптада Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар бірқатар азық-түлік тауарлары бағасының төмендеуі байқалды.


Бағасы ең көп төмендеген өнім – қияр 6,5% арзандады. Сонымен қатар қызанақ (-4,1%), сәбіз (-2,1%), сүйексіз сиыр еті мен жұмыртқа (әрқайсысы 0,6%), сүйекті сиыр еті (0,3%), балық (-0,1%) бағалары төмендеді.


Өңірлер бөлінісінде елдің бірқатар қаласында дефляциялық динамика байқалды. Бір апта ішінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының жалпы баға деңгейі Қызылорда мен Жезқазғанда (-0,4%), Петропавл, Өскемен, Қарағанды және Түркістан қалаларында (әрқайсысында -0,2%), Алматы қаласында (-0,1%) төмендеді. Астана, Шымкент, Ақтөбе, Атырау, Қостанай, Павлодар, Семей және Тараз қалаларында бағалар алдыңғы апта деңгейінде сақталды.


Республика бойынша қиярдың орташа бағасы бір килограмына 549 теңгені құрады. Ең төмен баға Атырау қаласында тіркелді – бір килограмы 365 теңге.


Қазақстан бойынша тазартылған күріштің орташа бағасы бір килограмына 533 теңгені құрады. Ең төмен баға Қызылордада - 456 теңге және Алматыда - 478 теңге деңгейінде тіркелді.


Ел бойынша ақ қауданды қырыққабаттың орташа бағасы бір килограмына 196 теңгені құрады. Ең төмен баға Түркістан қаласында – бір килограмы 136 теңге.Республика бойынша І санаттағы жұмыртқаның (10 дана) орташа бағасы 563 теңгені құрады. Ең төмен баға Қызылорда (460 теңге) және Ақтөбеде (484 теңге) байқалды.


Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағалары индексінің көрсеткіші апта сайын есептеледі. Бағаларды бақылау барлық облыс орталықтарында, республикалық маңызы бар қалаларда және астанада жүргізіледі. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының динамикадағы өзгерістерін Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының сайтынан және «Талдау» ақпараттық-талдау жүйесінен көруге болады.


*Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесі Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрінің 2025 жылғы 23 желтоқсандағы №362-НҚ бұйрығымен бекітілген және 31 атаудағы азық-түлік өнімдерін қамтиды.

74
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!