Маңғыстау орташа жалақы көлемі бойынша үшінші орынға жайғасты
Ұлттық статистика бюросы Қазақстан өңірлеріндегі орташа айлық жалақыға қатысты жаңа мәліметтерді жариялады деп хабарлайды otpannews.kz.
Соған сәйкес, Маңғыстау облысы орташа жалақы көлемі бойынша республикада үшінші орынға тұрақтап отыр.
Бюро ұсынған мәліметке сәйкес, өңірлер арасындағы көшбасшылар:
- Ұлытау облысы – 637 324 теңге;
- Атырау облысы – 610 111 теңге;
- Маңғыстау облысы – 608 415 теңге;
- Астана қаласы – 559 894 теңге;
- Алматы қаласы – 551 597 теңге.
Алматы қаласында жұмыспен қамтылғандар саны ең жоғары көрсеткішке жетіп, 941,5 мың адамды құрады.
Ең төменгі орташа жалақы келесі өңірлерде тіркелген:
- Солтүстік Қазақстан облысы – 308 334 теңге;
- Жамбыл облысы – 319 820 теңге;
- Түркістан облысы – 324 972 теңге;
- Шымкент қаласы – 328 608 теңге.
Салалар бойынша ең жоғары орташа айлық табыс қаржы және сақтандыру қызметінде тіркеліп, 941 411 теңгені құрады.
Сондай-ақ жоғары жалақы төленетін салалар қатарында:
- тау-кен өнеркәсібі – 1 020 632 теңге;
- ақпарат және байланыс – 779 288 теңге;
- өнеркәсіп – 620 775 теңге;
- көлік және қоймалау – 599 489 теңге.
Өңдеу өнеркәсібіндегі орташа айлық жалақы 508 854 теңге болды. Елімізде жұмыскерлер ең көп шоғырланған сала – білім беру. Бұл бағытта 1,17 млн адам еңбек етеді. Олардың орташа айлық жалақысы 315 100 теңгені құрайды.
Денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет көрсету саласында 512,8 мың адам жұмыс істейді, орташа жалақы – 334 768 теңге. Мемлекеттік басқару мен қорғаныс саласында 436 мың қызметкер еңбек етеді, олардың орташа жалақысы 403 447 теңге.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, еліміздегі қызметкерлердің тізімдік саны 5,2 млн адамды, ал нақты жұмыспен қамтылғандар саны 5 млн адамға жуық. Биылғы жылдың бірінші тоқсанында еңбекақы қоры 6,66 трлн теңгеге жетті.
Қазақстан бойынша орташа айлық жалақы 445 068 теңгені құрады. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда номиналды жалақы 11,5 пайызға артқанымен, нақты жалақы индексі 99,8 пайыз деңгейінде қалып отыр.