Маңғыстауда дәрігерлер жүрегі тоқтаған 61 жастағы ер адамның өмірін сақтап қалды
Маңғыстауда медицина қызметкерлері жүрегі тоқтаған 61 жастағы ер адамның өмірін сақтап қалды, деп хабарлайды otpannews.kz сайты.
Облыстық жедел және шұғыл медициналық жәрдем станциясының баспасөз қызметінің мәліметінше, 15 шілде сағат 11:31-де Ақтау қаласындағы 25-шағын ауданда орналасқан «Көк базар» сауда орталығынан 1.1 санатындағы шұғыл шақырту түскен.
Оқиға орнына №206 жедел жәрдем бригадасы – дәрігер Бауыржан Канатбаев, фельдшер Ақерке Муханова және жүргізуші Айғазы Екібасов жедел аттанды.
Олар жеткенге дейін оқиға орнында демалыста жүрген медициналық авиация фельдшері Жасулан Кемалов алғашқы медициналық көмекті бастап кеткен. Ол есінен танып, жүрегі тоқтаған азаматқа жүрек-өкпе реанимациясын жүргізіп, жедел жәрдем келгенше оның өмірін сақтап қалуға бар күшін салған.
Жедел жәрдем бригадасы сағат 11:38-де оқиға орнына жетіп, реанимациялық іс-шараларды жалғастырды. Мамандардың үйлесімді әрі кәсіби әрекетінің нәтижесінде науқастың жүрек соғысы мен өздігінен қан айналымы қалпына келтірілді.
Жағдайы тұрақтандырылған азамат одан әрі ем қабылдау үшін Маңғыстау облыстық ауруханасының қабылдау бөліміне жеткізілді.
Медицина қызметкерлерінің жеделдігі, кәсіби шеберлігі және үйлесімді жұмысының арқасында адам өмірін сақтап қалу мүмкін болды.