Маңғыстауда Каспий итбалығын қорғауға арналған әлеуметтік зерттеу жүргізіледі
«ECO-SOCIAL» қоғамдық бірлестігі «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ жариялаған үкіметтік емес ұйымдарға арналған мемлекеттік гранттар конкурсының жеңімпазы атанды, деп хабарлайды otpannews.kz.
Ұйым Маңғыстау облысының Балық шаруашылығы басқармасының тапсырысы бойынша жүзеге асырылатын «Маңғыстау облысының жергілікті қоғамдастықтары арасында Каспий итбалығын қорғау мәселелері бойынша әлеуметтік зерттеулер» жобасын іске асырады.
Әлеуметтік жобаның мақсаты – Маңғыстау облысының Түпқараған және Қарақия аудандарында Каспий итбалығын сақтау және қорғау мәселелері бойынша кешенді социологиялық зерттеу жүргізіп, оның нәтижелері негізінде практикалық ұсынымдар әзірлеу.
Каспий итбалығы (Pusa caspica) – нағыз итбалықтар тұқымдасына жататын теңіз сүтқоректісі әрі Каспий теңізінің эндемик түрі. Ол Каспий маңы мемлекеттерінің Қызыл кітаптарына енгізілген. Ал 2008 жылдан бері Халықаралық табиғатты қорғау одағының (IUCN) Қызыл тізімінде «жойылып кету қаупі төнген» санатына жатады.
Соңғы жылдары ондаған, тіпті жүздеген итбалықтың қырылу деректері тұрақты түрде тіркеліп келеді. Соның салдарынан Каспий итбалығының саны күрт азайып, түрдің жойылып кету қаупі күшейіп отыр.
Мамандардың айтуынша, Каспий итбалығын сақтау – тек экологиялық мәселе емес. Бұл әлеуметтік, мәдени және экономикалық маңызы бар кешенді міндет. Сондықтан әлеуметтік зерттеулер жергілікті халықтың көзқарасын, табиғатты пайдалану тәжірибесін және экологиялық жауапкершілік деңгейін бағалауға мүмкіндік береді. Мұндай зерттеулер табиғатты қорғау шараларының тиімділігін арттырып, тұрақты дамуға және қоғам мен табиғат арасындағы өзара байланысты нығайтуға ықпал етеді.
«2000 жылы Каспий итбалықтарының жаппай қырылуы тіркеліп, сол кезде 20–30 мыңға жуық итбалықтың өлексесі табылған болатын. Сондай-ақ Құрық ауылында 2020 жылдың жазында жергілікті тұрғынның итбалықтарға қатыгездік танытқан оқиғасы әлі де ел есінде. Жергілікті қоғамдастықтар мен тәуелсіз сарапшылардың пікірлері мемлекеттік деңгейде ескеріліп, нақты шешімдер қабылдау кезінде назарға алынатын уақыт жетті», – деді «ECO-SOCIAL» қоғамдық бірлестігінің жоба жетекшісі Бақытгүл Жақсылықова.