Аргентина құрамасы қатарынан екінші рет әлем чемпионатының финалына шықты
Аргентина құрамасы футболдан әлем чемпионатының жартылай финалында Англияны 2:1 есебімен жеңіп, қатарынан екінші рет турнирдің финалына жолдама алды, деп хабарлайды otpannews.kz.
Кездесу барысында ағылшындар 55-минутта Энтони Гордонның голының арқасында алға шыққан болатын. Алайда матчтың соңғы минуттарында аргентиналықтар камбэк жасап, 85-минутта Энцо Фернандес есепті теңестірсе, 90+2-минутта Лаутаро Мартинес жеңіс голын соқты. Команда капитаны Лионель Месси екі нәтижелі паспен көзге түсті.
Осылайша, 2022 жылғы әлем чемпионы Аргентина өз титулын қорғауды жалғастырып, тағы бір финалға шықты. Шешуші кездесуде олар Испания құрамасымен кездеседі. Финал 19 шілдеде өтеді.
Матч барысында бірнеше тарихи көрсеткіш тіркелді. Opta дерегіне сәйкес, алғашқы соққы тек 33-минутта жасалып, бұл 1966 жылдан бергі әлем чемпионаттары тарихындағы ең кеш жасалған алғашқы соққы ретінде тіркелді.
Сондай-ақ 39 жастағы Лионель Месси әлем чемпионатының жартылай финалында алаңға шыққан ең егде жастағы алаң ойыншысы атанды. Ал Англия капитаны Гарри Кейн ұлттық құрама сапында ең көп матч өткізген алаң ойыншысы ретінде рекорд жаңартты.
Ал Англия құрамасы 19 шілдеге қараған түні өтетін үшінші орын үшін матчта Франциямен кездеседі.