Маңғыстаудағы «тең мүмкіндік»: Өңірде 10 мыңнан астам ерекше бала қатарластарымен бірге білім алады
Маңғыстау облысындағы 10 мыңнан астам ерекше баланың 90%-ы бүгінде қатарластарымен бірге мектеп қабырғасында білім алуда. Өңірде инклюзивті ортаның дамығаны соншалық, мектептердің 95%-ы, колледждердің 93%-ы арнайы балаларды қабылдауға толық дайын, деп хабарлайды otpannews.kz сайты.
Маңғыстау облысында 18 жасқа дейінгі 348 340 бала тұрады. Олардың ішінде ерекше білім беруді қажет ететін 10 285 бүлдіршін бар. Оның 3205-і мүгедектігі бар балалар.
Психологиялық-медициналық-педагогикалық консультацияда (ПМПК) тіркелген балалардың басым бөлігі білім беру ұйымдарына жолданған. Онда олар тек оқып қана қоймай, денсаулығын оңалтып, әлеуметтік бейімделуден өтеді. Бүгінде өңірде 5 ПМПК жұмыс істейді, мұнда жылына 500-ден астам ата-анаға кеңес береді. Сондай-ақ 22 арнайы ұйымда 2400 бала қамтылған(балабақшалар, мектептер, түзету кабинеттері мен оңалту орталығы).
Ерекше баламен жұмыс істеу үлкен төзім мен білімді қажет етеді. Сондықтан облыстағы 695 педагогтың жартысынан астамы (55,8%) соңғы үш жылда біліктілігін арттырды. Олардың қатарында 259 олигофренопедагог, 120 логопед, сурдо және тифлопедагогтар бар. Тіпті, үздік мамандарды анықтау үшін арнайы республикалық байқаулар өткізіліп, «Үздік дефектолог», «Үздік логопед» номинациялары бойынша жеңімпаздар марапатталады.
Маңғыстау инклюзивті білім беру бойынша еліміздегі алдыңғы қатарлы өңірлердің біріне айналып келеді. Өңірдегі балабақшалардың 80,5%-ы, мектептердің 95,4%-ы, колледждердің 93,3%-ы ерекше балаларды оқытуға бейімделген. Облыс бойынша 166 инклюзивті қолдау кабинеті ашылған. Бұл жерде балалар тек оқып қана қоймай, «Жұлдызай», «Біздің таланттар», «Шексіз шығармашылық» сияқты ірі фестивальдерге дайындалады. 2025 жылдың өзінде 361 бала осындай өнер сайыстарында өздерінің шексіз мүмкіндіктерін дәлелдеді.
“Арнайы көмек балаға жақын болуы тиіс. Осы қағидамен соңғы жылдары шалғай аудандарда жаңа орталықтар ашылды. Мысалы түзету кабинеті 2023 жылы Форт-Шевченко қаласында, ал 2024 жылы Боранқұл ауылында ашылды. Жетібай ауылында ПМПК консультациясы 2025 жылы құрылды”,- дейді МО Білім басқармасының Құралай Газимова.
Білім беру жүйесінің басты мақсаты – баланың диагнозына емес, оның қабілетіне сену. Әрбір ашылған кабинет пен әрбір білікті маман – ерекше баланың қоғамның толыққанды мүшесі болуына қосылған үлес.