Маңғыстаулық студенттер балабақша бүлдіршіндеріне арнап мультфильм жасап шығарды
Жасанды интеллект жылына орай "ToonTech: технология мен қиялдың тоғысы" жобасы жүзеге асырылуда. Мұрын жырау Сеңгірбекұлы атындағы Маңғыстау жоғары педагогикалық колледжінің болашақ мамандары жасанды интеллектіні тиімді қолдана отырып, мектепке дейінгі ұйым балаларына арналған танымдық мультфильмдер дайындап, балабақшаларға ұсынды, деп хабарлайды otpannews.kz сайты.
Жобаның басты мақсаты – "Информатика" мамандығы бойынша білім алып жатқан 1–3 курс студенттерінің кәсіби құзыреттілігін дамыту, оларды тәжірибелік дағдылармен қамтамасыз ету және жасанды интеллект құралдарын тиімді қолдануға үйрету.
Сонымен қатар жоба аясында студенттер «Халықаралық волонтерлер жылы» бастамасын негізге ала отырып, 2026 жыл – Жасанды интеллект жылы аясында өз білімдері мен дағдыларын қоғам игілігіне бағыттауда.
“Жоба жетекшілері – информатика пәнінің оқытушылары Салтанат Калиева мен Кенжетай Тенизбаева. Ал мен –мультфильмдерге негіз болатын ертегілердің авторымын. Алдағы уақытта жоба аясында жаңа мультфильмдер саны артып, олардың мазмұны кеңейтіледі”,- дейді идея авторы Ләззат Домбаева.
Болашақ мамандар ұстаздарының жетекшілігімен тәрбиелік мәні жоғары ертегілер құрастырып, оларды информатика мамандығының еріктілер тобына ұсынып, мультфильм форматында әзірлеуде.
Жаңа мультфильмдер ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталып, мектепке дейінгі және бастауыш сынып оқушыларына ұсынылмақ. Қазіргі уақытта дайындалған мультфильмдер Ақтау қаласындағы №4 балабақшаның тәрбиеленушілеріне арнайы көрсетіліп, ұсынылды.
Жоба аясында мультфильмдер мазмұны толықтырылып, алдағы уақытта өзге балабақшаларға да ұсынылады.