Ақтау тұрғыны мемлекеттік органға шағымданғаннан кейін миллион теңгесін қайтарып алды
Ақтау қаласының тұрғыны жеке емханалардың біріне барып, 1 миллион теңгеге жуық қаражатынан айырылып қала жаздады. Оған арықтауға арналған тегін процедуралар ұсынылған. Оқиға әдеттегі сценарий бойынша болған. Әйелді алдымен сыйлықпен қызықтырып, кейін оның атына несие рәсімдеген, деп хабарлайды otpannews.kz.
Бәрі салмақ тастауға арналған аппараттармен өтетін тегін байқау процедурасына шақырудан басталды. Әйелге тегін ем-шара мен кеңес беруге уәде берген.
«Клиника қызметкерлері менде артық салмаққа қатысты күрделі мәселелер бар екеніне сендіріп, тез арада емделу курсынан өтуім керек екенін айтты. Олардың құрылғылары ең үздік шешім екенін алға тартты. Мен келісімшартқа қол қойғым келмеді. Бірақ үгіттеу мен психологиялық қысымнан кейін келісуге мәжбүр болдым», - дейді Ақтау тұрғыны.
Құжаттар жылдам рәсімделіп, төлем сол жерде несие арқылы жүргізілген. Сонымен қатар, оған биологиялық белсенді қоспалар (ББҚ) берілген. Әйелдің айтуынша, оларды қабылдағаннан кейін жағдайы нашарлап кеткен. Алайда, мәселе мұнымен бітпеді. Қарыз бен клиниканың қысымынан туындаған стресс салдарынан оның денсаулығы сыр беріп, қан қысымы көтеріліп, қалқанша безі аурулары асқынған.
Ол процедурадан бас тартпақ болғанда тағы да қиындықтар туындады. Келісімшарт бұзылмады, несие жабылмады. Ал арыз-шағым жауапсыз қалды.
Жәбірленуші орын алған жағдайдан кейін Маңғыстау облысының Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жүгінген. Тексеру жұмыстарының нәтижесінде дау сотқа дейінгі тәртіппен шешіліп, зардап шегушіге 950 000 теңге қайтарылды.
«Психологиялық қысым көрсету және несие рәсімдеу арқылы қызмет түрін алу тұтынушылар үшін күрделі мәселе болып отыр. Тұтынушыларды қысыммен құжаттарға қол қоймауға және кез келген қаржылық міндеттемелерді мұқият зерделеуге шақырамыз», - деп ескертті департамент мамандары.