Otpan News Logo

Маңғыстаулық дәрігерлер Ақтау-Астана рейсінде жолаушыға алғашқы көмек көрсетті

|
07.04.2026 17:54
Маңғыстаулық дәрігерлер Ақтау-Астана рейсінде жолаушыға алғашқы көмек көрсетті Otpan News Logo

3 сәуір күні таңғы уақытта Ақтау қаласынан Астанаға бағыт алған рейсте жолаушының жағдайы нашарлаған. Бортсерік жолаушылардың арасынан дәрігер іздеп, олардың алғашқы көмек көрсетуін сұрады, деп хабарлайды otpannews.kz.


Сол сәтте жолаушыға борттағы дәрігерлер көмек қолын созды. Олардың қатарында Салидат Қайырбекова атындағы Ұлттық ғылыми денсаулық сақтауды дамыту орталығы Маңғыстау облысы бойынша аймақтың департаментінің директоры Ләззат Қайырбайқызы, «Ясин» клиникасының күндізгі стационар дәрігері Аслем Берікболатқызы, облыстық аурухананың гематологы Сәулет Айтбек және «ИНТЕРТИЧ» медициналық орталығының дерматолог дәрігері Рысқайша Хайырбекқызы болды. 


- Бортсерік жолаушылардың арасынан дәрігер іздеген кезде ойланбастан алғашқы көмек көрсеттік. Менен басқа тағы 3 дәрігер жедел әрекет етті. Біз жолаушының жанына барғанда оның түрі бозарып, суық тер пайда болған екен. Қан қысымы төмендеп, пульсі жоғарылаған. Алғашқы көмек көрсетіп, науқастың жағдайын тұрақтандырдық, - дейді «Ясин» клиникасының күндізгі стационар дәрігері Аслем Берікболатқызы.  


30 жылдан бері медицина саласында еңбек етіп келе жатқан Ләззат Қайырбайқызы маңғыстаулық дәрігерлердің кәсібилігі мен жауапкершілігіне риза болдым дейді. 


- Бортсерік «Медицина қызметкерлері бар ма?» деп сұрағанда, ойланбастан орнымнан тұра жүгірдім. Менен басқа жаныма тағы 3 әйел келді. Біз бір-бірімізді танымаймыз. Кейінірек сөйлескенімізде бәрі де біздің өңірдегі медициналық ұйымдарда жұмыс істеп жүрген ақ халатты абзал жандар екен. Осындай қиын сәтте қол ұшын созатын әріптестеріме алғысым шексіз. Қайсар, білімді қыздармен әріптес болғаныма қуанамын, - дейді Ләззат Қайырбайқызы.
11
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!