Маңғыстау облысы Үндістанмен экономикалық байланысты күшейтпек
Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Асхат Оралов Қазақстан Республикасындағы Үндістан Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Сайлас Тангалмен кездесті. Кездесуде тараптар көлік-логистика, өнеркәсіп, туризм, цифрлық технологиялар және мәдени-гуманитарлық байланыс салаларындағы екіжақты ынтымақтастықты кеңейту перспективаларын талқылады, деп хабарлайды otpannews.kz.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, кездесуде Асхат Оралов өңірдің әлеуетін таныстырып, елдегі көлік-логистикалық және инвестициялық тораптардың стратегиялық маңызын атап өтті.
– Маңғыстау облысы бүгінде Каспий маңындағы стратегиялық даму нүктесі ретінде қалыптасып, Қазақстандағы негізгі логистикалық және инвестициялық хабтардың біріне айналды. Біз Үндістанмен жүйелі әрі ұзақ мерзімді әріптестікке ашықпыз және өнеркәсіп, логистика, туризм, жоғары технологиялық салалар және басқа да бағыттарда бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін барынша қолайлы жағдай жасауға дайынбыз. Маңғыстау облысына инвестиция салуға деген дайындықтарыңыз екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға және бірлескен бастамаларды табысты іске асыруға кең мүмкіндік береді, – деп атап өтті Асхат Оралов.
Кездесуде туризм саласын дамытуға да ерекше мән берілді. Өңірдің бірегей табиғаты, киелі нысандары және Каспий теңізіне шығу мүмкіндігі оның халықаралық туризм орталығы ретіндегі әлеуетін арттыра түседі.
Үндістан Елшісі Сайлас Тангал Маңғыстау облысының экономикалық және инвестициялық әлеуетіне жоғары баға беріп, үнді тарапының әріптестікті одан әрі нығайтуға және бірлескен жобаларды жүзеге асыруға қызығушылық танытатынын жеткізді.
Маңғыстау облысы мен Үндістан арасындағы өзара іс-қимыл оң серпін алып, сауда-экономикалық байланыс тұрақты дамып келеді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Маңғыстау облысы мен Үндістан арасындағы сыртқы сауда айналымының көлемі 4,7 млн АҚШ долларына жетті. Қазіргі уақытта өңірде үнді капиталының қатысуымен 19 кәсіпорын жұмыс істейді.