Otpan News Logo

Маңғыстауда улы жәндіктерден сақтану шаралары түсіндірілді

|
16.06.2026 14:56
Маңғыстауда улы жәндіктерден сақтану шаралары түсіндірілді

Маңғыстауда улы жәндіктерден сақтану және олардың шағуынан болатын қауіптің алдын алу бағытында түсіндіру жұмыстары жүріп жатыр. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте өңірлік санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы Мадина Рахметова айтты, деп хабарлайды otpannews.kz.


Спикердің айтуынша, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен санитариялық қағидаларға сәйкес қарақұрттардың таралуының алдын алу және оларды жою мақсатында профилактикалық шаралар жүргізіледі. Атап айтқанда, тұрғын үйлердің аумағын, құрылыс материалдары үйінділерін, құрғақ шөптер мен тастарды тазарту, сондай-ақ жайылымдарды, демалыс орындарын, қора-жайларды және үй маңындағы аумақтарды дезинсекциялық өңдеу қарастырылған. Сонымен қатар, жеке тұрғын үй иелері мен мекеме басшылары аталған дезинсекциялық жұмыстарды өз қаражаты есебінен ұйымдастыруы тиіс.


- Тұрғындарға шөлейт және далалы жерлерде сақтық танытып, жабық киім мен аяқ киім кию ұсынылады. Киім мен аяқ киімді киер алдында мұқият тексеріп, сілкіп алған жөн. Тастардың, ағаштардың және қалың шөптердің арасын қолмен тексермеген дұрыс. Сондай-ақ үй маңындағы қоқыс пен құрғақ шөптерді уақытылы тазалап, демалыс орындарында тазалық сақтап, балаларды қарақұрт кездесуі мүмкін аумақтардан алыс ұстау қажет, - деді Мадина Рахметова.


Сонымен қатар, брифинг барысында облыстық көпбейінді балалар ауруханасының қабылдау бөлімінің травматолог-ортопед дәрігері Нұрсұлтан Нұрымов улы жәндік шаққан жағдайда көрсетілетін алғашқы көмек шаралары жөнінде айтты.


- Егер қарақұрт немесе өзге де улы жәндік кішкентай баланы шақса, ең алдымен оны тыныштандыру қажет. Балаға көп қимыл-қозғалыс жасауға болмайды, себебі бұл удың ағзаға жылдам таралуына әсер етуі мүмкін. Сонымен қатар шаққан жерге салқын компресс қою ұсынылады. Алайда шаққан жерді кесу, уды сорып шығару немесе қанды сығып шығару сияқты әрекеттерді жасауға болмайды. Өйткені олардың тиімділігі ғылыми тұрғыдан дәлелденбеген және денсаулыққа зиян келтіруі мүмкін. Мұндай жағдайда дереу жедел жәрдем шақырып, науқасты мүмкіндігінше тез арада медициналық мекемеге жеткізу қажет. Қазіргі уақытта мұндай жағдайлардың жиі тіркелуіне байланысты ауруханаға жедел түрде жеткізілетін науқастар саны артып отыр. Емдеу барысында қолданылатын кез келген дәрілік препаратқа аллергиялық немесе басқа да жағымсыз реакциялар болуы мүмкін. Сондықтан дәрі-дәрмек міндетті түрде дәрігердің бақылауымен енгізіледі. Бұл ықтимал асқынулардың алдын алып, науқасқа дер кезінде қажетті медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік береді, - деді Нұрсұлтан Нұрымов.



Сондай-ақ Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасы қабылдау бөлімінің меңгерушісі Қайрат Нұралиев улы жәндіктер шаққаннан кейін байқалуы мүмкін белгілер мен медициналық көмекке жүгінудің маңыздылығына тоқталды.


- Қарақұрт шаққан кезде шаққан жерде қатты ауырсыну пайда болып, бас ауруы, жүрек айнуы, қалтырау секілді белгілер байқалуы мүмкін. Мұндай жағдайда өздігінен ем қабылдамай, міндетті түрде дәрігерге қаралу қажет. Табиғат аясында демалған кезде жеңі ұзын киім киіп, қалың аяқ киім пайдаланған дұрыс. Егер шаққан жәндікті анықтау мүмкін болса, оны медицина қызметкерлеріне көрсету диагноз қоюға көмектеседі. Уақытылы медициналық көмек алу асқынулардың алдын алуға мүмкіндік береді, - деді Қайрат Нұралиев.



Брифинг қорытындысында мамандар облыс тұрғындары мен қонақтарын табиғат аясында демалу, мал шаруашылығы және дала жұмыстары кезінде қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырды. Мамандардың айтуынша, қарапайым сақтық ережелерін орындау улы жәндіктерден болатын қауіптің алдын алуға көмектеседі.

58
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!