Маңғыстауда тарихи-мәдени мұра нысандарын қорғау талаптары түсіндірілді
Маңғыстауда тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғаудың тәртібі мен заң талаптарын сақтау бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүйелі жүргізіледі. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығы мемлекеттік мекемесінің директоры Балтабай Балапан айтты.
Спикердің айтуынша, облыс бойында бүгінде мемлекеттік қорғауға алынған 602 тарих және мәдениет ескерткіші бар. Оның 25-і республикалық маңызға ие.
-Аталған нысандардың ішінде 67 сәулет ескерткіші, 178 ансамбль, 350 археология ескерткіші және 7 киелі нысан тіркелген. Сонымен қатар алдын ала есепке алу тізіміне енгізілген 800-ден астам тарихи-мәдени мұра объектісі бар. Бұл тізім жыл сайын археологиялық және ғылыми экспедициялар нәтижесінде толықтырылып отырады. ҚР «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» Заңына сәйкес тарихи-мәдени мұра объектілерін сақтау, қорғау, қайта жаңғырту және кеңінен насихаттау – мемлекеттің негізгі міндеттерінің бірі, - деді Балтабай Балапан.
Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығы мемлекеттік мекемесі директорының орынбасары Рысгүл Күзембаева тарихи-мәдени мұраны қорғау бағытындағы заң талаптарына тоқталды.
-Соңғы уақытта тарихи ескерткіштердің бастапқы келбетін өзгерту, заңсыз құрылыс жүргізу, археологиялық нысандарды бүлдіру және вандализм әрекеттері жиілеп отыр. Осыған байланысты тұрғындарға заң талаптарын сақтау қажеттігі ескертіледі. ҚР Қылмыстық кодексінің 294-бабына сәйкес мемлекет қорғауындағы тарихи-мәдени мұра объектілерін қорлау, бүлдіру немесе оларға жазу мен сурет салу фактілері үшін айыппұл, қоғамдық жұмыстарға тарту немесе қамаққа алу жазасы қарастырылған. Аталған бап бойынша бір жүзден екі жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не бір жүз алпыс сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не елу тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады. Қылмыстық кодекстің 295-бабына сәйкес археологиялық жұмыстарды заңсыз жүргізген тұлғаларға ірі көлемде айыппұл салу, қоғамдық жұмыстарға тарту, бас бостандығын шектеу немесе бас бостандығынан айыру жазалары көзделген. Бұл бап бойынша белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз, екі мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады, - деді Рысгүл Күзембаева.
Спикердің айтуынша, ҚР Азаматтық кодексінің 244-бабына сәйкес өз бетінше салынған құрылыс оны салған тұлғаның есебінен бұзылуға тиіс. Маңғыстау өңіріндегі киелі орындар мен тарихи ескерткіштер – халқымыздың рухани және мәдени мұрасы. Оларды сақтау, қорғау және келер ұрпаққа аман жеткізу – баршаға ортақ міндет.
Сондай-ақ брифинг барысында Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығы мемлекеттік мекемесі сәулет және археология бөлімінің басшысы Лунара Бешакова тарихи-мәдени мұра объектілері орналасқан аумақтардағы жер пайдалану талаптарын түсіндірді.
-ҚР заңнамасына сәйкес тарихи-мәдени мұра объектілері орналасқан жер учаскелері тарихи-мәдени мақсаттағы жерлер санатына жатады. Аумақтарды игеру алдында міндетті түрде археологиялық зерттеу жұмыстары жүргізілуі тиіс. Егер мұндай зерттеу жұмыстары жүргізілмесе, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 145-бабына сәйкес жеке және заңды тұлғаларға айыппұл салынады. Аталған бап жүргізіліп жатқан жұмыстарды тоқтата тұрып, 10-250 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді, - деді Лунара Бешакова.
Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану мәселелері бойынша тұрғындар «Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығы» ММ-не хабарласа алады. Байланыс телефоны: 8 (7292) 50-41-75