Маңғыстауда соңғы 5 жылда ірі инфрақұрылымдық және қонақ үй жобалары іске асты
Маңғыстау облысы - Қазақстанның негізгі туристік орталықтарының бірі. Соңғы 5 жылда туризм саласы айтарлықтай дамыды. Өңірді әлеуметтік-экономикалық дамытудың кешенді жоспары мен инвестициялық бастамалар аясында бірқатар ірі инфрақұрылымдық және қонақ үй жобасы жүзеге асты, деп хабарлайды otpannews.kz.
Маңғыстау облысының Туризм басқармасының мәліметінше, өңірде соңғы 5 жылда қонақ үй инфрақұрылымы едәуір кеңейіп, орналастыру нысандарының саны артты. Маңғыстауда халықаралық стандарттарға сай келетін заманауи қонақ үйлер мен курорттық кешендер ашылды.
Мәселен, 2025 жылы Ақтау қаласының жылы жағажай аумағында Shahristan қонақ үйі пайдалануға берілді. Нысан 20 нөмірлі және эконом, стандарт, люкс санаттарын қамтиды. Қонақ үйдің жеке жағажайы, мейрамханасы, VIP-залы және хамамы бар. Аумағы абаттандырылған. Мұнда 25 адам жұмысқа орналасқан, ал маусым кезінде қызметкер саны 30-ға дейін артуы мүмкін. Туризм басқармасы бұл нысанның құрылысы жеке инвестициялар есебінен жүргізілгенін атап өтті.
Ал 2024 жылы O'MIR glamping этно-қонақ үйі жұмысын бастады. Мұнайлы ауданының аумағындағы нысанның ашық бассейні, терраса мен мейрамханасы бар. Жеке инвестиция есебінен ашылған демалыс орнында балалар клубы да бар. Демалыс орны Omirapartments апартаменттерімен де толықты. Мұнда 100 адамға шақталған 20 модульдік үй бар. Тұрақты түрде 40 адам жұмыспен қамтыған этно-қонақүйде маусымдық кезеңде 80 адамға дейін жұмыс істей алады.
Сондай-ақ Туризм басқармасының мәліметінше, 2025 жылы «Достар» қонақ реконструкция жүргізілген. Жағалау аймағында орналасқан қонақ үй 44 нөмірге лайықталған. Демалыс орнында стандартты және люкс санаттары бойынша нөмірлер, жеке жағажай, мейрамхана және сауна бар. Нысанда 20 жұмыс орны қарастырылған, маусымда олардың саны 30-ға жетеді. Жаңғырту жұмыстары жеке қаражат есебінен жасалды.
Каспий теңізінің жағалауында орналасқан, балалар мен отбасылық демалысқа және сауықтыруға бағытталған демалыс кешенінің бірі - Aqqu Resort & Camp көпфункционалды орталығы. Нысан жазғы маусымда 300-350 орындық балалар лагері ретінде жұмыс істейді. Жылдың қалған уақытында корпоративтік-курорттық демалыс орталығы ретінде қызмет етеді. Кешенде корпустар, бассейндер, кинозал, спорт алаңдары, медпункт және мейрамхана бар. Маусымда мұнда 100-ден астам адам, ал тұрақты негізде 10 адам жұмыс істейді. Кешен жеке инвестициялар есебінен салынған.
Ақтаудың жағалау аймағындағы ірі сауықтыру нысаны SAYA Thermal термалды сулары бар санаторлық-курорттық кешені деп аталады. 2017 жылы «Сая» демалыс базасы ретінде ашылған нысан өңірде туристік кластерді қалыптастыру аясында 2023-2024 жылдары ауқымды жаңғыртудан өтті. Мұнда тұрғын үй қоры мен инфрақұрылым жаңартылып, ребрендинг жасалды. Соның нәтижесінде жаңа SAYA Thermal термалды курорты ашылды. Курорттық кешенде шамамен 983 метр тереңдіктен 47°C температураны сақтайтын табиғи термалды су шығады. Демалыс аумағына келушілердің қатары көп. Кешен 15-тен астам адамды жұмыспен қамтуға есептелген және жеке қаражатқа салынған.
Бұдан бөлек, Ақтау қаласының аумағында Dostyk Business бес жұлдызды қонақ үйі 2023 жылдан бері жұмыс істейді. Нысан люкс, жартылай люкс және стандартты қоса алғанда 70 нөмірден тұрады. Қонақ үй тұру қызметтерін, таңғы ас және конференц-зал ұсынатын бизнес-нысан ретінде қызмет атқарып келеді, 20 адам жұмыс істейді.
Туризм басқармасы биыл Ақтауда Wyndham Garden Aktau атты 96 нөмірлік төрт жұлдызды қонақ үй кешенін ашылғанын да атап өтті. Мұнда іскер адамдар мен демалушылар үшін қолайлы жағдай жасалған. Соның ішінде апартаменттер, стандартты және жартылай люкс нөмірлері бар. Нысан жеке инвестиция есебінен салынып, 45 адамды жұмыспен қамтып отыр.
Туризм басқармасы өңірде мұндай жобалардың іске асуы туристердің көп келуіне, және осы саланың дамуына серпін беретінін атап өтті.