«Анашым, мен тірімін…»: Маңғыстаулықтардың майданнан жолдаған хатында не жазылған?
Маңғыстау облысының архивінде майданнан келген алпысқа жуық сарғайған, үшбұрыш етіп бүктелген, майда қылып әрі асығыс жазған хаттар сақтаулы, деп хабарлайды otpannews.kz сайты.
Әр хатта түрлі тағдыр бейнеленген. Бірінің соңы қуанышпен, бірінің тағдыры қайғылы аяқталды. Көптеген отбасы бұл хаттарды асыл мұрасындай сақтайды. Күйген, жыртылған, сиясы өшіп қалған хаттар – сарбаздың туыстары үшін баға жетпес естелік. 1941–1945 жылдары соғысып жүріп, үйден хат күткен жақындарына «Сәлеметсіз бе, анашым, әкешім, мен тірімін…» деп сағынышпен жазылған хаттарды сарбаздардың туыстары әкеліп тапсырған.
– Бізге соғыс жылдарынан сақталған хаттарды әкелетіндер көп. Біз оларды архивке тастап кетуін сұраймыз, бірақ кейбірі келіспейді. «Бұл – естелік, ұрпағымыз аталарын ұмытпасын» дейді. Сондықтан хаттарды сканерлеп, қайтарамыз, – дейді архив құжаттарын пайдалану және жариялау бөлімінің мамандары.
Соғыс жылдары конверт тапшы болғандықтан майданнан хаттар үшбұрыш етіп бүктелген күйінде келген. Кәдімгі қағаз немесе жыртылған парақтар арнайы әдіспен бүктелетін. Хаттардың көбі қарапайым тілмен жазылған. Жауынгерлер өз хал-жағдайын айтпай, көбіне жақындарының амандығын сұраған. «Мен тірімін, денсаулығым жақсы. Сіздер қалайсыздар? Көршілер аман ба? Ауылдан кімдер майданға кетті? Мен үшін уайымдамаңыздар, жыламаңыздар. Біз міндетті түрде жеңеміз» деген жолдарды көзге жас алмай оқу мүмкін емес.
Маңғыстау облыстық мемлекеттік архивінде сақталған хаттардың көбі қазақ тілінде, кейбірі латын әліпбиімен немесе араб қарпімен жазылған.
Майдан даласында жүрген әр жауынгер жақындарын жұбатуға, үміт сыйлауға тырысқан. Маңғыстаудан соғысқа 1941 жылы аттанған Қырымқұл Жұмабаев отбасындағы жалғыз ұл болған. Артында ата-анасы мен үш қарындасы қалған. Ол жиі хат жазып тұрған. Өкінішке қарай, бұл хаттар сақталмағанымен, қарындастары оларды көшіріп, бір газетке жариялатқан. Бір хатында ол:
«Қапа болма, әке. Мен жалғыз емеспін. Көп отбасы асыраушыларын майданға аттандырды», – деп жазған.
Қырымқұл 1943 жылы хабарсыз кеткен. Оның соңғы хаты Батумиден келген екен.
– Майданда жазылған хаттарда жауынгерлер жақындарының қал-жағдайын сұраған, кейде жарақат алып, госпитальде емделіп жатқанын жазған. Ротаның тоқтаған жерін де айтқан. Сондай-ақ сарбаздар майданда басқа қазақтармен, соның ішінде маңғыстаулықтармен кездескендерін де жазады. Мәселен, архивте Шамшенғали Нұрбаулиннің – қазіргі Маңғыстау ауданына қарасты Таушық ауылының тумасы (ол кезде бұл жер Гурьев облысына қараған) жазған хаттары бар. Олар 1942–1944 жылдар аралығында жазылған. Өкінішке қарай, ол майданда қаза тапқан, – дейді архив маманы.
Айта кетейік, бұл хаттар музейге тұрақты түрде қойылмайды. Тек Жеңіс күніне арналған көрмелерде ғана жұрт назарына ұсынылады.