Маңғыстау тұрғыны есірткіні заңсыз сақтап, тасымалдағаны үшін 7 жылға сотталды
Түпқараған аудандық сотында ҚР ҚК-нің 297-бабы 3-бөлігі 1), 3) тармақтары бойынша (есірткі, психотроптық заттарды немесе олардың аналогтарын өткізу мақсатында заңсыз сатып алу, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу) айыпталған Т.-ға қатысты қылмыстық іс қаралды, деп хабарлайды otpannews.kz аудандық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сотта анықталғандай, сотталушы алдын ала сөз байласқан адамдар тобымен бірге аса ірі мөлшердегі психотроптық заттарды заңсыз сатып алып, сақтап, кейін өткізу мақсатында тасымалдаған.
Биылғы ақпан айында ол «Telegram» желісі арқылы бұрын танымайтын, жеке тұлғалары анықталмаған адамдармен байланыс орнатқан. Сол күні шамамен таңғы сағат 05:00-де ер адам жалға алынған Toyota Hilux автокөлігімен «Telegram» арқылы жіберілген координат бойынша С.Шапағатов ауылына барған. Аталған жерде оны полиция қызметкерлері ұстап, түрлі түсті изолентамен оралған 25 бума есірткі затын тәркілеген.
«Сотталушының кінәсі сараптама қорытындысымен және куәгерлердің айғақтарымен толық дәлелденді. Прокурор сотталушыны 8 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Ал айыпталушы кінәсін толық мойындап, бас бостандығынан айырмайтын жаза тағайындауды өтінді. ҚР ҚК-нің 297-бабы 3-бөлігі 1), 3) тармақтарының санкциясында мүлкі тәркіленіп, 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Сот жеңілдететін мән-жайлар ретінде кінәні мойындауын, шынайы өкінуін және кәмелетке толмаған баласының болуын ескерді. Ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ», – делінген сот хабарламасында.
Сот үкімімен ер адам кінәлі деп танылып, оған орташа қауіпсіздік мекемесінде жазасын өтеу мен 7 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.